Еуразия ұлттық университетінің мәртебесі ауысты

29 Қыркүйек 2020, 21:21
3768
Бөлісу:
Еуразия ұлттық университетінің мәртебесі ауысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың 2019-2020 оқу жылындағы есеп беру кездесуі өтті.

Кездесуде ата-аналар, оқушылар, жұмыс берушілер, ғылыми-педагогикалық қоғамдастық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен білім беру, ғылыми-зерттеу және тәрбие қызметі мәселелері талқыланды.

Ерлан Сыдықов алғаш рет пандемия жағдайында өтіп отырған есеп беру кездесуін карантин және шектеу шаралары аясында ЕҰУ-дағы өзгерістер туралы мәлімет беруден бастады.

Өткен оқу жылының ерекшелігі – объективті жағдайға байланысты қашықтан білім беруге көшу болды, - деп бастады өз баяндамасын Ерлан Сыдықов. – Бұл тек білім беру үдерісін ғана емес, қызметтің барлық бағыттарын іске асыруға айтарлықтай өзгеріс әкелді. Әлемнің барлық жоғары оқу орындары осындай жағдайды бастан кешіп жатыр. ЕҰУ бұл сынақты ойдағыдай жеңді және жеңіп келеді деп сеніммен айта аламын. Университеттің пандемия жағдайында оқу үдерісін бір күн де тоқтатпауы – басқа бағыттағы қызметтердің өз деңгейінде жүруі деген сөз. Мәселен, дистант форматында оқытуды және жұмыс істеуді қамтамасыз ету үшін арнайы жабдықтар сатып алынды, «ЕҰУ-ды цифрлық университетке трансформациялау» Жол картасы және 2020-2022 жылдарға арналған цифрлық экожүйені дамыту картасы бекітілді.

Содан кейін биылғы аса маңызды өзгеріс – ЕҰУ-дың коммерциялық емес акционерлік қоғам (КеАҚ) мәртебесіне көшуі.

Қазір жаңа жарғы бекітіліп, Директорлар кеңесі құрылуда. ЕҰУ КеАҚ ретінде жаңа мүмкіндіктері ашылады. Мысалы, инвестициялық жобаларды іске асыру, соның ішінде отандық және шетелдік ұйымдардан қаржылық ресурстар тарту перспективалары жанданады. Сондай-ақ КеАҚ эндаументтер мен венчурлік қорлар құруға мүмкіндік береді. Шетелде филиал ашу құқығы да бар, – деді ректор.

Өзгелердің жаңалығы