Отандық өнімді іздеп келетін патриоттар бар – кәсіпкер

18 Наурыз 2019, 10:09
12133
Бөлісу:
Отандық өнімді іздеп келетін патриоттар бар – кәсіпкер
PHOTO

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Өкінішке қарай шикізаттың барлығын сырттан әкелеміз. Тұрғындар «еліміз былғары, теріге бай, неге сырттан әкелесіңдер?» деп сұрап жатады. Ашығын айтқанда отандық былғары, терілер жақсы аяқ киім тігуге жарамайды. Қанша көп болғанымен оларды сапалы етіп өңдей алмай отырмыз. Бұл туралы қазақстандық Decollo аяқ киім бренді мен өндірісінің негізін қалаушы, әрі директоры Ұлпан Түзелбек BAQ.KZ тілшісімен сұхбаттасу кезінде айтты.

- Ұлпан, кәсіпорынның жұмысы неден басталды, алғаш аяқ киім өндірісіне қалай келдіңіз?

Отандық өнімді іздеп келетін патриоттар бар – кәсіпкер

- Аяқ киім өндірісінде жұмыс істеп жатқанымызға бір жыл болды. Алғашында ағам екеуміз аяқ киім тігетін шымкенттік шеберлердің өнімдерін сатып көрдік. Ағам Бизнес-бастау кәсіпкерлік мектебінде оқып, кәсіпті қалай жүргізу керектігін, жарнаманы қалай беру керектігін үйренген. Еліміз бойынша көтерме бағамен сататын 80-ге жуық дүкенмен жұмыс істедік. Уақыт өте келе өзіміздің брендті қалыптастырып, отандық аяқ киімді нарыққа шығару керектігін түсіндік. Осылайша, мен ерлерге арналған Decollo аяқ киім брендін қалыптастыруды қолға алдым.

- Тігін цехтарыңыз қай қалада орналасқан және шикізатты қайдан аласыздар?

Отандық өнімді іздеп келетін патриоттар бар – кәсіпкер

- Аяқ киім тігетін цех Алматыда. Олар біз айтқан дизайн, модель бойынша тігіп береді. Арамызда келісімшарт жасалған, сондықтан бірігіп жұмыс істейміз. Біздің халық көбінде дұрыс түсінбей, «неге Түркияның 15 мыңдық және 100 мыңдық аяқ киімдері» тұр деп сұрақ қойып жатады. Ол материалының өзгешелігіне байланысты. Мәселен, былғарының алты түрі бар. Біз сол терінің бірінші сортынан тігеміз және теріні, яғни шикізатты Түркия мен Италиядан алдырамыз. Өкінішке қарай, шикізаттың барлығы сырттан келеді. Адамдар «еліміз былғары, теріге бай, неге сырттан әкелесіңдер?» деп сұрайды. Ашығын айтқанда отандық былғары, терілер жақсы аяқ киім тігуге жарамайды. Қанша көп болғанымен сапалы етіп өңдей алмай отырмыз. Одан тігілген аяқ киім шыны керек, дұрыс болмайды. Дегенмен, келешекте жоғары деңгейде өңдеуді де үйренеміз деген ойдамын, қазір соған біртіндеп келе жатырмыз. Егер отандық өнімге деген сұраныс көбейсе, тері өңдейтін цехтар да көбейе түседі. Шикізаттың өзімізден шыққаны біз үшін де тиімді.

- Дайын өнімді қайда апарасыздар, сатып алушыларыңыз кімдер? Алматыдан басқа тағы қай өңірде дүкендеріңіз бар?

Отандық өнімді іздеп келетін патриоттар бар – кәсіпкер

- Әр тауардың өз клиенті, өз аудиториясы болады. Біздің өнімнің бағасы 27-56 мың теңге аралығында. Сондықтан оны табысы тұрақты, бір сөзбен айтқанда жағдайы бар адамдар алады. Ондай аяқ киімді алатын адамдардың көбінесе бос уақыты бола бермейді. Сондықтан біз клиенттер айтқан уақытқа бірден үш түрлі моделін апарып көрсетеміз, ол үшін арнайы көлікпен қамтылған курьерлеріміз жұмыс жасайды. Тапсырыс беруші бәрін киіп көріп, ұнаса алады, көңілінен шықпаса қайтарып жіберуге қақысы бар. Дегенмен, осы уақытқа дейін қайтарып жіберу деген мәселе болған емес. Бұл сапасының жоғарылығына байланысты болар деп ойлаймын.

Отандық өнімді іздеп келетін патриоттар бар – кәсіпкер

Өнім Қазақстан бойынша сатылады, осы уақытқа дейін еліміздің 21 қаласына жеткіздік. Алматыда бір бөлімшеміз ғана бар, оның өзін әншілер мен блогерлер «барып көрсек бола ма» деген соң аштық. Әйтпесе бұған дейін сауданы онлайн түрде жасап келдік.

Отандық өнімді іздеп келетін патриоттар бар – кәсіпкер

Еліміздің қай түкіпірінен тапсырыс түссе, соған жеткізіп береміз. Бастапқыда «Қазпошта» арқылы жеткізіп беретін едік, кейін ол тиімсіз болғандықтан, СДЭК фирмасының қызметін пайдалануға көштік. Тағы бір айта кетерлігі, тапсырыс берген адамдар тауар ұнаса ғана ақшасын төлейді, яғни төлем алдын ала жасалмайды. Қазіргі кезде көрші Қырғызстан, Өзбекстанға да жеткізіп беріп жүрміз. Алдағы уақытта Ресейге шықсақ деген жоспарымыз бар, өйткені ол елден де сұраныстар түсіп жатыр.

- Шетелдік өнімге қарағанда қандай артықшылығы, ерекшелігі бар?

Отандық өнімді іздеп келетін патриоттар бар – кәсіпкер

- Біздің өнімнің бағасы орташа, сапасы жоғары, Түркия мен Италия аяқ киімдерінен еш кем емес. Күнделікті киетін аяқ киімге адамдар немқұрайлы қарамаса екен деймін, қайткенімен ол олардың денсаулығына бірден-бір әсер ететін зат қой. Кейбір адамдар арзан затқа қарай жүгіреді, ол бәрібір екінші жағынан зиянын тигізіп жатады, әсіресе көрші Қытайда өндірілген аяқ киімдер. Олар шошқаның терісінен жасайды, сондықтан түрлі аурулардың шығуына себеп болады. Ал біздің аяқ киімнің сырты сиырдың, іші қойдың терісінен тігіледі. Жалпы болашақта елімізде аяқ киім шығаратын өндіріс орындары көптеп ашылатынына сенемін, тіптен қазірдің өзінде шағын цехтардың қатары молая түсті. Көпшілік оларды біле бермейді, өйткені маркетингтік жұмыстары дұрыс жолға қойылмаған, жарнамасы жоқ.

- Халықтың отандық өнімге, яғни аяқ киімге деген сұранысы қандай?

Отандық өнімді іздеп келетін патриоттар бар – кәсіпкер

- Біздің өнімге деген сұраныс жаман емес. «Отандық өнімді аламыз» деп келетін патриоттар да бар. Сондай-ақ блогерлер мен әншілеріміз де көп қолдау көрсетіп отыр. Әсіресе, бағалы киімдерді алып жүрген адамдар біздің заттың сапасы жоғары екенін және дүкендегі бағадан төмен екенін бірден біледі. Олар қуана-қуана тапсырыс береді.

Отандық өнімді іздеп келетін патриоттар бар – кәсіпкер

Елімізде жұмыс істеп жатқан кез-келген цехтың өнімі шетелдікіне қарағанда анағұрлым сапалы. Өйткені жұмыстың көбі қолмен атқарылады. Егер отандық өнімге деген сұраныс артатын болса, біздің аяқ киімнің бағасы да арзан болар еді. Бұрын АҚШ пен Жапония екінші дүниежүзілік соғыстан кейін үлкен дағдарысты басынан өткерген. Сонда олар тек отандық өнімді тұтынайық деген ұран тастаған екен. Солайша, жергілікті өндіріс күш алып, жақсы дами бастаған. Егер бізде де дәл солай өз өнімімізді тұтынуды көбейтсек, шағын цехтар фабрикаға айналар еді. Біздің ақшаның көбі қазір шетелге кетіп жатыр. Мәселен, жақында Түркияға барып, ондағы жағдайды зерделеп, зерттеп келдім. Сонда бір байқағаным, 15 мың теңге тұратын аяқ киімдер бірнеше делдалдан өтіп бізге жетеді екен. Ол біздің нарыққа 60-70 мың теңгеге келеді. Олардың сапасы керемет деп айтпас едім. Бағана айтқанымдай, терінің алты түрі болады дедім ғой, соның нашарлауымен тігілгендер.

- Отандық брендтің дизайны мен моделінің ерекшелігі жайлы айтып берсеңіз?

Отандық өнімді іздеп келетін патриоттар бар – кәсіпкер

- Бізде авторлық және итальяндық дизайндар бар. Әрине, өзіміздің брендті қалыптастыруда көп күш салып отырғанымыз айтпаса да түсінікті. Осы көктемдік маусымға төрт ай дайындалдық. 500-ге жуық модельдің ішінен қарап, ерекше дизайнды ойлап табумен жұмыс істедік.

- Цехтарыңыз айына қанша аяқ киім шығаруға қауқарлы?

- Біз келісімшартпен жұмыс істейтін болғандықтан, бюджетті бір жылға деп бірақ жасаймыз. Ал цехтың бір айда 4 мың жұп аяқ киім шығаруға шамасы жетеді.

- Жалпы бұл салада қандай қиындықтар бар?

- Біз үшін ең бірінші қиындық аяқ киім тігетін шеберлердің тапшылығы болды. Білікті мамандар жетіспейді. Бастапқы кезде цехта көбінде Грузиядан, Түркиядан келген шеберлер жұмыс істейтін еді. Қазір қазақ жастарының қарасы көбейді. Үйренем, жасаймын деп келіп жатқандар бар. Шетелдік тігіншілерден үйренеріміз көп. Қазір олармен бірге жұмыс істеп жатқан жастар келешекте мықты шебер болып шығады деген ойдамын. Жалпы цехта 25 адам жұмыс істейді. Ондағы құрал-жабдықтың барлығы италиялық технология. Тігіншілер жақында Италияда өткен көрмеге барып қатысып келді. Жылына бір рет біліктілігін арттыру бойынша курс оқиды. Шетелдік тігіншілер өз шеберліктерін арттыру үшін әрдайым ізденісте жүреді.

Кейде біздің кәсіпкерлер мемлекетке төлейтін салығын бұлдап, ауыртпалық түсірді деп налиды. Өз басым олармен келіспеймін. Өйткені кәсіпкердің елге тигізетін пайдасы, оның тұрақты түрде төлейтін салығы деп ойлаймын. Бұл жағынан бізде қиындық болған жоқ, салықты да уақытында төлеп келеміз.

- Өнімді қалай жарнамалайсыздар?

- Сайтымыз бар және әлеуметтік желілер арқылы жарнамалаймыз. Тұтынушылар көбінде instagram арқылы келеді. Біздің өнімнің қатарында туфли, бәтеңке, спорттық аяқ киімдердің түр-түрі бар. Қазір онлайн-сауда күннен күнге дамып келеді. Халық базарға сирек баратын болды. Сондықтан бар күшімізді осы брендті қалыптастыруға жұмсап жатырмыз, яғни жарнама жүргізуге көп көңіл бөліп отырмыз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Әділет МҰСАХАЕВ

Өзгелердің жаңалығы