Бас жаңалықтар
Сарыағашта ет бағытын дамыту қолға алынды
11 Маусым 2019, 18:26 401

Сарыағашта ет бағытын дамыту қолға алынды

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Сарыағаш ауданында он жылдан бері жылыжай егінімен айналысып келе жатқан шаруа Валибек Мамедов биыл бірінші рет етті бағытта мал өсіруді қолға алып отыр. Жақында Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласынан 63 қара мал алып келіп өсіріп отырған ол жайылым мәселесінен қиындық көріп отырғанын жеткізді. 

Айта кетейік, Сарыағаш ауданы – Түркістан облысы бойынша жылыжайдың 63 пайызын құрайтын аймақ. Жергілікті шаруалар бүгінгі таңда бақша дақылдарын еліміздің жан жақтағы ірі қалалары мен Ресейге, ТМД елдеріне экспорттауда. Ендігі таңда «Измир» ауыл шаруашылығы тұтынушылар кооперативінің төрағасы етті бағыттағы мүйізді ірі қара малдардың экспорттық әлеуетін дамытуды мақсат етіп отыр. 

«Елбасымызға рахмет, он жылдан бері жылыжаймен айналысып келеміз. Біздің шаруа қожалығының иелігінде 30 гектар бау бар. Оның 15 гектарын алхоры, жүзім, 5 гектарын алма құрайды. Қазір ет қымбаттап кетті. Сол себепті, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша етті бағытта кәсіп ашуды ұйғардық. Осында фермамызға 150 дана ірі қара мал сыяды. Жыл соңына қарай тағы 100 ірі мүйізді мал әкелеміз деп отырмыз. Өнімін 2-3 жылда көреміз. Бірақ, өзіңіз көріп тұрғандай, жайылым жеріміз жоқ. Бізге әкімдік 30-50 гектар жер берсе жақсы болар еді. Мұнда жердің бәрін алып қойған. Қамыс басып кеткен бос жер көп. Иелері ол жерге не егін екпейді, не өзгелерге жалға бермейді», - деді «Измир» АТК төрағасы В.Мамедов. 

Шаруаның айтуынша, ірі қара малдарды солтүстіктегі кәсіпкер Қанат Бекжановтың фермасынан алып келген. Сондай-ақ, жем-шөпті де солтүстіктен алдырамыз дейді ол. 

Сарыағаш ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрполат Талипов жергілікті малдың тұқымын ет бағытында асылдандыру арқылы мүйізді ірі қараның ет өнімділігін арттырып, еттің өзіндік құнын арзандатуды және мал басын өсіріп, мал шаруашылығы саласында қосымша жұмыс орындарын ашуды көздейтінін айтты. 

«Бұл біздің ауданымызда етті бағытта бірінші рет қолға алынып отырған және бұрын-соңды болмаған жоба. Аталған шаруашылық ірі қара малдарды көбейтуге әкелді. Қазіргі таңда құжаттарын субсидияға тапсырып жатыр. Асыл тұқымды бұқаларға 150 мың теңгеден, аналық тұқымға 20 мың теңгеден субсидия алады. Ал жер мәселесінен жақында конкурс өткізіледі. Сол конкурстан 20 гектар суармалы жерді жеңіп алады деп отыр. Себебі, қожалықтың иесі малды көбейтсем дейді. Бұдан бөлек, жайылымды жер мен жем-шөп базасын дайындауды комиссия қарау үстінде. Әкелінген ірі қара малдар 14-18 айлықтың арасындағы құнажындар. Бұлардан асыл тұқымды бұқалар шығады және аналық бастар көбейеді», - дейді Нұрполат Зайнилұлы.


Фото: автордан
Загрузка...

Сізден жаңалық