Қазақстан ет өндірісінің әлеуетін арттырады

18 Қазан 2019, 16:59
3156
Бөлісу:
Қазақстан ет өндірісінің әлеуетін арттырады
PHOTO
Фото: автордан

Бурабай, BAQ.KZ тілшісі. Бурабайда өткен "Дамудың жаңа аумағы: Макинск" бизнес-форумы барысында қазақстандықтар үшін құс етінің 30%-ы өндірілетіні туралы айтылды. 

"Дамудың жаңа аумағы: Макинск" форумы аясында қатысушылар ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелерін талқылады. Шараның басты мақсаты – Солтүстік Қазақстанда ет өндірісі кластерін құру.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласының тез қарқынмен дамып келе жатқаны туралы айтты.

"2014 жылы Макинск қаласында құс фабрикасын салу шешімі қабылданған соң өңір жаңа деңгейге шықты. Орталық Азиядағы ірі құс фабрикасының құрылысы жылына 55 тонна құс етін өндіру өңірге 46 млрд теңге инвестиция құюға мүмкіндік берді. 900-ге жуық жұмыс орны ашылды. Бүгінде құс фабрикасы шағын және орта бизнеске жаңа нысандарды ашу арқылы жаңа серпін берді. Сонымен қатар, біз үшін бұл өте маңызды жоба", - деді облыс әкімі.

WhatsApp Image 2019-10-18 at 16.46.37 (1).jpeg

Сондай-ақ, облыс әкімі өңірдегі тауар өндірушілер тек аймақтың қажеттілігін ғана емес, жақын өңірлерді де қамтып отырғанын айтты.

"Бүгінде біз мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Сонымен қатар, биыл 6 мың ірі қараны Австралия, Чеxия, Ресейден әкелдік. Оған қоса, өңірде шошқа етін өндіру бойынша тағы бір жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның қуаттылығы 5 мың тоннаны құрап отыр", - деді ол.

Өз кезегінде ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев желтоқсан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сыртқы істер министрлігіне экспорттың әлеуетін арттыру жұмыстарын жүктегенін айтты. 

"Елбасының елорда аймағында азық-түлік белдеуін құру бойынша тапсырмасы орындалып жатыр. Бірінші кезекте ол - Ақмола облысы аталған тапсырманы орындау барысында құс етінің импортын толық қамтамасыз етіп отыр. Қазақстан жылына 3 мың тонна құс етін пайдаланатыны құпия емес. Өзінің қажеттілігін тек 54%-ға ғана жауып отыр. Бұл елге өзге елдерден кіретін тауарлардың импортын азайтады", - деді вице-министр.

WhatsApp Image 2019-10-18 at 16.46.37.jpeg

"Aitas KZ" АҚ бас директоры Серік Толықпаевтың айтуынша, форум мемлекет пен бизнес арасында диалог құру мақсатында ұйымдастырылып отыр. 

"Дамудың жаңа аумағы: Макинск" форумы бір алаңда мемлекет пен бизнес арасында диалог құру мақсатында ұйымдастырылды. Бүгінгі отырыста осы саладағы олқылықтарды көрсетіп, пайда болған проблемалардың шешімін табуға түрткі болды", - деді Серік Толықпаев.

Форум барысында бірқатар меморандумға қол қойылды. Оның бірі "Aitas KZ" АҚ мен Ақмола облысы әкімдігі арасында жасалған келісім. 

Осы орайда "Aitas KZ" директоры стратегиялық маңызы бар құжат туралы айтып өтті.

"Бұл меморандумға келгеніміз біз үшін ең үлкен жетістік. Себебі инфраструктура әлі толығымен дайын емес. Келесі 3 жыл ішінде 150 млн долларға Макинск қаласына инвестиция құйып, ет өндірісін 120 мың тоннаға дейін ұлғайтамыз. Меморандумда біз тек бизнесті ғана емес, онда әлеуметтік маңызды сұрақтар да қарастырылған. Яғни орта, кіші бизнеске қолдау, жаңа жұмыс орнын ашу, білім, мәдениет саласы бар. Мысалы, 2 мыңға жуық жұмыс орнын ашпақпыз", - деді ол.

WhatsApp Image 2019-10-18 at 16.46.38 (1).jpeg

Екі жақ 2019-2023 жылдар аралығында Макинск құс фабрикасының 2 және 3-кезеңін салу (жалпы құны 55 825 млн теңге), 5 жыл бойы Макинск қаласын дамыту бойынша шараларды жыл сайын қаржыландыру (жалпы құны 420 млн теңге), жастарды оқытып, кәсіби біліктілігін арттыру бағытында серіктес болуға уағдаласты.

Сонымен қатар, "Aitas KZ" АҚ мен Cukurova Paper&Packaging Group компаниясы да екіжақты келісімге қол қойды. 

"Біз бүгін "Aitas.kz" АҚ-мен меморандумға қол қойдық. Макинск қаласында алдағы 5 жыл бойы жұмыс істеуге келістік. Бұл жобаны жүзеге асыру 4 кезеңнен тұрады. Алдымен, картон кіргізіледі. Кейінгі кезеңдерде кавро-картон жасайтын көліктер әкелінеді. 5 жылдан кейін 500 адам жұмысқа орналасады. Жобаның құны 40 млн долларды құрайды", - деп атап өтті  "Chukurova" компаниялар тобының директоры Иса Доганалы.

Форум барысында қатысушылар назарына болашақ кластердің тұжырымдамасы ұсынылды. Бұл арқылы Ақмола облысы аумағын дамыту бағытында жаңа серіктестер, инвестиция және адами капитал тарту мүмкіндігі туды.

Бұған дейін Бурабайда "Дамудың жаңа аумағы: Макинск" бизнес-форумы өтіп жатқаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы