Есірткіні жарнамалағандар ұсталды

21 Қаңтар 2021, 19:10
1951
Бөлісу:
Есірткіні жарнамалағандар ұсталды

Алматы, BAQ.KZ. Алматыда есірткіні жарнамалаған екі адам ұсталды. Бұл туралы Алматы ПД-нің баспасөз қызметі хабарлады.

 Күдіктілер – 1994 жылы туған Ч.есімді азамат және 1995 жылы туған Б.азамат трафарет жасап, қоғамдық орындарда қабырғаға аэрозольді бояумен жазбалар қалдырған. Онда психотроптық заттардың атауы және оларды сатып алуға болатын сайттың мекен-жайы туралы жазылған.

Аудан тұрғындарынан қабырғаларға салынған жаңа жазбалар туралы ақпарат келе бастады. Осыған дейінгі барлық заңсыз жазулар еріктілермен бірге боялған. Осы “суретшілерді” ұстау үшін топ құрылды. Нәтижесінде екі күдікті оқиға орнында ұсталды. Олармен бірге трафарет, аэрозоль және қолғап табылды. Ұсталғандардың бірі бұрын біреудің мүлкін ұрлағаны үшін жауапқа тартылған. Ұсталғандар өз кінәларын толығымен мойындады және мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік бар екендігі туралы білмейтіндіктерін мәлімдеді. Қалай болғанда да, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды, әсіресе олар есірткінің таралуына ықпал ететіндігін түсінгендіктен, – дейді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков. 

Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 299-1-бабы 2-бөлімі (Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын, прекурсорларын насихаттау немесе заңсыз жарнамалауы) бойынша қылмыстық іс тергелуде. Осы баптың санкциясы үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады.

Өзгелердің жаңалығы