Есірткі «бизнесінің» әлеуметтік желідегі әлегі

27 Қаңтар 2021, 18:45
2071
Бөлісу:
Есірткі «бизнесінің» әлеуметтік желідегі әлегі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Есірткі сату бизнесінің ордасына айналған әлеуметтік желілер күн санап дамып келеді. Қазіргі уақытта алаяқтар қандай айла қолданады? Оған қалай тосқауыл қоюға болады?

Қазіргі кезде бос уақытын әлеуметтік желіде өткізбейтіндер аз. Желінің жібі жыл санап санамызды еріксіз орап жатыр. Біреулер үшін бұл бизнестің, жұмыстың нағыз ортасы болса, енді біреулер дәмді тамақ пен жылтыр көйлекті көруге тәуелді. Қолыңа ұялы телефонды алып, Қостанайға да, Балиге де саяхаттайсың. Былай қарасаң, мүлдем зияны жоқ сияқты. Алайда қазіргі уақытта әлеуметтік желі есірткі сатушылар мен алаяқтардың ұясына айналып отыр. 

Шейх Тәмим бен Хамад әл-Тани атындағы №85 мектеп-лицейінің мұғалімі Айнагүл Абужарова қоғамдағы ахуал жасөспірімдерге қалай әсер етіп жатқаны туралы  өз пікірін білдірді. 

Әрине, біз бүгінгі күні мұндай «дерттің» жасөспірімдер арасында кең тарап отырғанын білеміз. Бұл - өте өкінішті жағдай. Оның алдын алу үшін мектеп ұжымы күнделікті үлкен жұмыс атқарады. Әртүрлі іс-шаралар өткізіліп, есірткінің ағзаға әкелетін зияны жайлы ақпарат пен дәрістер оқылады. Мен сынып жетекші ретінде әр баламен байланыс орнатуға тырысамын. Оқушының көңіл-күйі болмай немесе өз-өзін басқаша ұстағанын байқасам, өзімен, содан кейін ата-анасымен сөйлесемін, - дейді мұғалім.

Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы Полиция басқармасының учаскелік инспекторы, полиция капитаны Гүлзат Жеңісханова  қазіргі уақытта есірткінің әлеуметтік желі арқылы қалай тарайтыны жайлы айтты.

Біздің әлемде есірткі сатып алу үшін керек адамдарды білудің қажеті жоқ. Ол үшін тіпті үйден де шығып керек емес. Тек әлеуметтік желі арқылы бірнеше парақшаны білсең болды. Оларды табу да қиынға соқпайды. Көшедегі тұрғын үйлердің қабырғасында жазылған трафареттер мұндай «бизнестің» тікелей насихаты. Есірткіні сатушыдан сатып алушыға жеткізу үшін көбіне кибершабуылдарға төзімді telegram әлеуметтік желісі пайдаланылады. Кез келген адам олардың парақшасына тікелей жазып, тауарға тапсырыс бере алады. Кейінірек тастың, ағаштың немесе шөптің астында тығылған есірткісі бар мекен жай жіберіледі. Яғни, сатушы мен сатып алушы бірін-бірі көрмейді. Осындай жүйе арқылы олар қауіпсіздік иллюзиясын туғызады. Көшеде кетіп бара жатқан оқушы қабырғада жазылған түсініксіз жазуларға қызығып, ғаламтордан іздеп көрсе, есіртікі сатушылардың отанына бірден тап болады. Егер де бұндай жағдайға тап болсаңыз, балалар және жасөспірімдер үшін ұлттық сенім телефоны - 150, - деді учаскелік инспектор.

Сонымен қатар, психолог Анар Рахматуллина мұндай жағдай неден туындайтынын және оның алдын алу үшін не істеу керегін айтты.

Шыны керек, қазіргі уақытта жасөспірімдер мұндай әдеттердің өзіне әкелетін зияны жайлы білсе де, өтпелі кезеңнің қызуымен от басып қалады. Бұл олардың әлі де психологиялық және моральдық тұрғыдан толықтай дамымағанын көрсетеді. Сондықтан да көбіне достарына еру, өз-өзін үлкен сезінуге тырысу немесе стресс жағдайларында ойланбай әрекет етуі мүмкін. Оның алдын алу үшін олармен ашық сөйлесіп, мұндай құмарлықтың соңы немен бітетінін түсіндіру қажет. Жалпы, жасөспірімдердің өтпелі кезеңінде ата-анасы олармен дос ретінде әңгімелесе алуы қажет, - деді психолог.


                                                                            Ұмсындық НАУРЫЗБАЕВА

Өзгелердің жаңалығы