Есіл ауданын дамыту мәселесі талқыланды
PHOTO
5 Мамыр, 23:13 498

Есіл ауданын дамыту мәселесі талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін елорда Әкімі Алтай Көлгінов Есіл ауданының тұрғындарымен кездесіп, ауданды дамыту мәселесін талқылады. Бұл туралы әкім facebook  парақшасында жазды.

Қала тұрғындарымен жүйелі түрде кездесіп тұрамыз. Бүгін Есіл ауданының тұрғындарымен кездесіп, ауданды дамыту мәселесін талқыладық. Кездесуіміз ылғи да «ашық микрофон» форматында өтеді. Қатысушылар толғандырған сауалдарын қоя алады. Сұрақтар сол сияқты әлеуметтік желі арқылы да жолданады.Кездесуіміз үш сағатқа созылып, 200-ден аса сұрақ қойылды, ұсыныстар да айтылды. Оларды орындау бойынша жоспар құрамыз. Мәселен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік нысандар, жолдар, қоғамдық кеңістіктер, инфрақұрылымдық нысандар салу, газдандыру туралы мәселелер қозғалды, – деді елорда әкімі.

Сол сияқты апатты жағдайдағы үйлерді бұзу, жарықтандыру, интернет, автобус, көгалдандыру, тығыз салынған құрылыс секілді өзге де проблемалар айтылды.

Есіл – қарқынды дамып келе жатқан аудан. Жыл сайын тұрғындар саны 40 мыңға артады. Мұның бәрі қаланың инфрақұрылымына айтарлықтай күш түсіреді. Осыны ескере отырып, соңғы жылдары мектеп, медициналық орталық, әлеуметтік баспана, спорт нысаны, аулалар және т.б. құрылыс көлемі айтарлықтай артты. Жүйелі бағыттарға толығырақ тоқталып өтейін. Есіл ауданындағы көше-жол желісіне түскен күшті жеңілдету үшін 2 көлік көпірінің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Ұлы Дала даңғылындағы көпірдің құрылысын биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ал Есіл өзені арқылы өтетін Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің біту мерзімі – 2023 жыл, – деді Көлгінов.

Сондай-ақ ол қазір жергілікті 3 газ қазандығын жобалау жұмысы жүріп жатқанын айтты.

Маңызды мәселелердің бірі – ауданды газдандыру. Алматы және Сарыарқа аудандары толығымен газдандырылды. Ол үшін 680 км-ден астам газ тарату желісі салынды. Биыл Есіл ауданында (Үркер, Шұбар, Пригородный, Телман елді мекендері, «Family Village», «Garden Village» шағын ауданы және т.б.) осы бағыттағы жұмысты бастаймыз. Шұбар ықшам ауданында газдандыруды жобалау жұмысы жүріп жатыр. Алдымен газ құбырын, ал келесі жылы квартал ішіндегі желілерді саламыз. Мұның бәрі қала экологиясына оң әсер етеді. Сол сияқты алдағы уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүретін аудандарды жылумен қамтамасыз ету үшін ЖЭО-3 құрылысы жанданды. Қазір жергілікті 3 газ қазандығын жобалау жұмысы жүріп жатыр, – деді әкім.

Қала әкімі аудандарды аралап, тұрғындармен кездесуді ары қарай да жалғастыратынын жеткізді.

Электр, су беру қуатын алдын ала арттыру қажет. Өткен жылдан бастап сорғы-сүзгі станциясының (ССС-3) құрылысына кірістік. Нысан осы жылдың соңына қарай ішінара пайдалануға беріледі, ал 2023 жылдан бастап жаңа ССС-3 жұмысының қуатын арттырамыз. Мәселен қазір тәулігіне 300 мың текше метр су тұтынатын болсақ, ССС-3-тің қуаттылығы тәулігіне қосымша 100 мың текше метрден асатын болады. Сондай-ақ кәріз тазарту құрылыстарын (КТҚ-2), «Арай», «Жұлдыз» және т.б. қосалқы станцияларды жобалауды және реконструкциялауды жүргіземіз. Келіп түскен сұрақтарды шешу мәселесін қолға алдық. Кездесуде айтқанымдай, проблемаларды шешу қысқа мерзімді, орта мерзімді, ұзақ мерзімді болып бөлінеді. Осындай кездесулерді қаланың өзге де аудандарында өткіземіз. Аудандарды аралап, тұрғындармен кездесуді ары қарай да жалғастырамыз, – деді Алтай Көлгінов.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...