Бас жаңалықтар
Есікте «Сақ алауы» атты музей түні өтті
17 Маусым 2019, 17:11 372

Есікте «Сақ алауы» атты музей түні өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Сақ алауы» тақырыбымен «Музей түні» өтті.


Қонақтарды ерекше, «түнгі» форматта қарсы алған қорық-музейдің экспозициялық залдарына экскурсия, «Алтын адамның құпиясы» жастарға арналған квест-ойын, балаларға арналған «Тас бетіндегі өнер» атты шығармашылық сабақтар өткізілді. Сондай-ақ, АРТ балалар өнер мектебі – мектеп оқушыларының көрмесі (Есік қаласы) қойылып, «Ұста Дәркембай атындағы қолданбалы өнер музейі» шеберлерінің және Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Кәкей Қырғауылдың «Өрмек тоқу», сондай-ақ, көзеші Жанболат Нұрданбектің шеберлік сабағына да музей түніне келушілер куә болды.



Бұдан басқа, «Домбыра-пати» – домбырашылардың өнері, заманауи шеберлердің қолданбалы өнер туындыларының көрмесі, ұлттық ойындар (күрес, арқан тарту, асық ату, ақсүйек алтыбақан, садақ ату) қонақтарға ерекше әсер сыйлады. Ашық аспан астында балаларға арнайы Ш.Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясы түсірген «Күлтегін», «Мұзбалақ», «Қазақ елі» мультфильмдері көрсетілді. 

 Ауқымды шара аясында қазақ және орыс тілді БАҚ өкілдеріне қосымша арнайы пресс-тур ұйымдастырылды. Журналистер музейдің бүгінгі хал-ахуалымен, сондай-ақ, «Есік» қорық-музейінің қорғау аймағына енетін Рахат қалашығында музей археологтары жүргізіп жатқан қазба жұмысының барысымен танысты.  



«Өздеріңіз білесіздер, музейдің білікті ғылыми қызметкерлерінің жұмысы нәтижесінде осы уақытқа дейін Жетісу жеріндегі Сақ кезеңіне жататын обалардың тізімі, олардың паспорты жасалып, сақталу, қорғалу деңгейлері бойынша анықтау, сондай-ақ, археологиялық қазба жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Алтын адам бүгінде еліміздің брендіне айналды. Музейге келуші шетелдік туристердің қатары жыл санап артып келеді. Бізде ағылшын, түрік, қытай, неміс тілінде экскурсия жүргізіледі. Қызметкерлердің басым көпшілігі тарихшы, зерттеушілер, археологтар. «Музей түніне» келер болсақ, биыл осынау шараны бесінші рет өткізіп отырмыз. «Музей түні» Еңбекшіқазақ ауданы көлемінде жыл сайын жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары асыға күтетін рухани, мәдени іс-шараға айналды. Осы уақыт ішінде ел азаматтары, музей ісіне қызығушылар, өнертанушылар, шетелдік қонақтар бізді өте жақсы танып-біліп қалды деуге болады. Шараның жыл сайын қызықты өтуіне атсалысып келе жатқан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына, музей мен туризм саласындағы әріптестерімізге рахмет айтамын», - деді  «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Тасқын Тойбаев музей түнінің ашылу салтанатында. 


 
Шара осы түннің символикалық оқиғасы «Сақ алауын» жағумен аяқталды. 




Фото: дереккөз

Сізден жаңалық