Әзірге ешқандай өрескел қателік көрмедік – халықаралық бақылаушы

9 Маусым 2019, 14:39
1827
Бөлісу:
Әзірге ешқандай өрескел қателік көрмедік – халықаралық бақылаушы
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қостанай өңірінде Қазақстан Республикасының кезектен тыс президент сайлауын ЕҚЫҰ миссиясының оннан артық бақылаушысы қадағалайды. Соның бірі – Швециядан келген Ребекка Палмер.

«Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы атынан Қазақстан бойынша үш жүзге жуық бақылаушы жұмыс істеп жатыр. Біз барлық сайлау учаскелеріне қатыса аламыз. Арамызда ұзақ уақытқа белгіленген бақылаушылар бар. Біз, Әзірбайжаннан келген әріптесім екеуміз қысқа мерзімге тағайындалған бақылаушылармыз. Былайша айтқанда, сайлау күні ғана жұмыс істейміз», - дейді халықаралық бақылаушы.

Оның айтуынша, ЕҚЫҰ миссиясының қатарында 57 мемлекеттің өкілдері бар. Бақылаушылар Қостанай қаласы мен жақын аудандардағы сайлау учаскелерін барынша аралап шықпақ.

«Бірінші міндет – сайлау учаскелеріндегі жағдаймен, халықтың көңіл-күйімен танысу. Әзірге ешқандай өрескел қателік көрмедік. Ертең журналистер үшін арнайы баспасөз конференциясын ұйымдастырмақпыз», - дейді Ребекка Палмер.

Қазақстан бақылаушының тәжірибесіндегі бірінші шет мемлекет емес. Ол бұған дейін Африка елдеріндегі саяси науқандарға қатысқанын айтады.

Өзгелердің жаңалығы