Ешбір себеп жоқ. Мамин бағаны шарықтатып жібермеңдер деп қадап айтты

15 Қыркүйек 2020, 10:49
1386
Бөлісу:
Ешбір себеп жоқ. Мамин бағаны шарықтатып жібермеңдер деп қадап айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министр Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын көтеруге еш себеп жоқ екенін айтты.

Біз импортқа тәуелділікті азайту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бағаны қымбаттатуға ешбір себеп жоқ. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлық түрлері бойынша бағаның тұрақтылығына қатаң бақылау қамтамасыз етіледі. Халықаралық астық нарығында қалыптасып отырған конъюнктураны ескеріп, ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, сыртқы жағдайға және азық-түлік қорының жеткілікті болуы мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығына мониторингті жалғастыруы қажет, - деді Асқар Мамин.
Ол сонымен қатар, ауыл шаруашылығы министрлігіне «қайтарымды схема» арқылы сауда желілеріне жеңілдікті қарыз беру механизімін кеңейту, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін форвардтық сатып алу практикасын барлық өңірлерде енгізуді тапсырды.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әкімдіктерге импортқа тәуелді тауарлар өндірісін ұлғайту бойынша жобаларды басым тәртіппен іске асыруды тапсырамын. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер өзімізде өндірілетін азық-түліктің, әсіресе, картоп, ұн, сәбіз және қарақұмық жармасы бағасын өсіруге жол бермеуі қажет. Елдің барлық қажеттілігін толығымен қамтамасыз ету үшін олар жеткілікті көлемде өндіріледі. Әкімдер осы мәселені ерекше бақылауға алсын, - деді үкімет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы