Ешбір ел экспорттан түскен қаражатты шетелден азық-түлік сатып алуға жұмсамайды – академик

18 Қазан 2019, 17:15
4228
Бөлісу:
Ешбір ел экспорттан түскен қаражатты шетелден азық-түлік сатып алуға жұмсамайды – академик
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Өзін сыйлайтын елдің ешқайсысы экспорттан түскен ақшаны, біздің жағдайда шикізаттан түскен қаржыны азық-түлік сатып алуға жұмсамайды. Азық-түлікті мемлекет өзінде өндіру керек, ал экспорттан түскен қаржы халықтың жақсы өмір сүруіне, яғни білім беру мен денсаулық сақтау және басқа салаларға жұмсалуы қажет. 

Бұл туралы ҚР БҒМ ҒК Экономика институтының директоры, академик, профессор Әзімхан Сатыбалдин Алматыда өтіп жатқан конференция кезінде айтты.

Жиын барысында баяндама жасаған академик елімізде индустрилизация индексінің деңгейі өте төмен екенін айтып өтті.



"Өкінішке қарай Қазақстанда қазір индустрилизация индексінің деңгейі өте төмен, бар болғаны 13,9 %. Бұл дегеніңіз экономика құрылымындағы жоғары техникалық саланың кешеуілдеп жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ өңдеу өнеркісібінің үлесі де төмендеуде, бұл екі бесжылдықты индустрилизацияға арнағанға қарамастан орын алып отыр. Мәселен, Ресейде бұл көрсеткіш - 19%, Беларусияда- 30%, Қытайда -35%, ал Оңтүстік Кореяда -45%. Яғни, Оңтүстік Корея өндіретін барлық өнімнің жартысы дайын, өңделген күйінде экспорттайды. Бұл дегеніңіз өнімді өткізген кезіндегі соңғы табыс осы елде қалатынын білдіреді",-деді ол. 

Сонымен қатар, ол елімізде қазір өнім өндірілмегендіктен экономикалық күрделілік индексі минус 0,5%-ға төмендеп кеткенін айтады. 

"Бұл экономикалық тәуелділіктің өскенін көрсетеді. Тек шикізат шығарылуда, мұнай, руда және металдар. Бұл бағаны біз берген жоқпыз, Гарвардтық университеттің зерттеулер нәтижесі. Еліміздегі экономикалық күрделілік индексінің -0,5% болуы экономика дамуында ғылымның болмауын көрсетеді. Экономикаға ғылым қатысқанда оны алға қарай жылжытар еді. Ғылымға аз қаржы бөлініп отырғандықтан ол үлкен серпіліс жасайды деп айту қиын",-деді академик. 

Сонымен қатар, ол еліміздегі аймақтардың экономикасы әр алуан екенін, оны теңестіру қажеттігін де айтып өтті.

"Біздегі өңірлер арасындағы байланыс әлі дұрыс жолға қойылмай жатыр. Кезінде Елбасының өзі «біздің әкімдер арасында тіл табысу өте қиын, олар керісінше шетелдіктермен тез мәмілеге келеді» деп айтқаны бар. Мәселен, экономикалық тұрғыда әр облыста кірпіш шығару зауытын салу тиімсіз. Бір облыстағы зауыт 3-4 облысты қамтамасыз ете алады. Олар бәрі зауыт салып алады да бәсекелеседі, кейін банкрот болып шетінен жабылады. Басқа салаларда да дәл осындай жағдай, аймақтардағы экономиканы тиімді ету қажет",-дейді ол. 

Сөз арасында ол экспорттан түсетін қаражатты шетелден азық-түлік сатып алуға жұмсамау қажеттігін айтты.

"Бізге бірінші кезекте тағам және жеңіл өндірісті дамыту қажет. Оны Елбасы үнемі айтып келеді, жоғары мінберде отырып шенеуніктерге «үстілеріңдегіні шешіп отандық өнімді кигізсе бәрің жалаңаш қаласыңдар» дегеніне куәміз.  Мақта егуге кең байтақ жеріміз бола тұра бізде мата жоқ. Басқасын қойып шұлыққа дейін Түркия мен Қытайдан әкелудеміз. Осыны неге өзіміз өндірмеске? Мәселен елімізде 18 млн халық бар. Орташа есеппен бір адам жылына он шұлық киеді десек, бір жылда 180 млн шұлық шығаруға болады, міне нарық қайда жатыр. Ал біз нарығымызды өзге елдерге беріп отырмыз. Тіптен сабын, тағы басқа жууға арналған құралдарға дейін сырттан әкелудеміз. Оны өзімізде шығаруға әбден болады. Ал біз осындай нәрселерге ақша жұмсап отырмыз",-деді Әзімхан Сатыбалдин.

Өзгелердің жаңалығы