Есепте тұрған азаматтар көше тазалады

18 Мамыр 2021, 13:54
1845
Бөлісу:
Есепте тұрған азаматтар көше тазалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сарыағаш аудандық пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрғандар жергілікті атқарушы органдар белгілеген жерлерге тазалық жұмыстарын жүргізуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы жолдауында онша ауыр емес қылмыстар мен теріс қылық жасағандар үшін жаза тағайындау барысында қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын кеңінен қолдануды тапсырған болатын.  

Пробация қызметі бөлімі тарапынан олардың жазасының орындалуы қатаң бақылауға алынған. Сонымен қатар, бұл азаматтар мәжбүрлі еңбекке және қоғамдық жұмыстарға тартылған. Нақтырақ атап өтер болсақ, қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазалардың бір түрі қоғамдық жұмыстар. Осыған байланысты аудандық пробация қызметінің есебінде тұрғандар жаза түріне сай аудандар мен ауылдарда тазалық жұмыстарын жасап, ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға өздерінің үлестерін қосуда.

Қазіргі таңда Сарыағаш қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Сарыағаш қаласында тазалық және абаттандыру жұмыстарына тартылуда. Атап өтер болсақ, жақында Сарыағаш ауданының тұрғыны болып табылатын 5 азамат жергілікті әкімдіктің нұсқауымен белгіленген жерде қоғамдық жұмыстарын атқарды. Бұл адамдар жергілікті әкімдіктерге жолданып, қоғамдық орындарда тазалық жұмыстарын, бау бақшаларда жеміс ағаштарын отырғызумен айналысып, жазаларын өтеуде. Сондай-ақ, олар құбылмалы ауа райының бұзылуына байланысты түрлі тазалау жұмыстарын да істейді. Осылайша өздерінің еңбегімен қоғамға келтірген залалды түзетіп, оны халықтың алдында өтеуде.

Сонымен қатар, олар тағайындалған жазаларын тұрғылықты жерлер бойынша әкімдікте өтеп жүр. Шарт талаптарына сәйкес, әкімдік атқарушы орган ретінде пробациялық бақылау қызметінің қарауында жүрген тұлғаларды қоғамдық жұмыстарға тартады, сондай-ақ, жұмыс істеген уақыттың табелін жүргізіп, пробациялық бақылау қызметіне жазаны өтеушілердің жүріс-тұрысы, жазаны өтеуден бас тартқандары туралы ақпарат беріп отырады. Бұл сотталғандардың еңбегін қоғам игілігіне пайдалануға мүмкіндік береді.

Солардың бірі, Махат ол есірткі затын тұтынғаны үшін сот үкімімен 80 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылған. Ол өзі секілді сотты болғандармен бірге Сарыағаш қаласы әкімдігінің белгілеп берген қала көшелерін қоқыстан тазалау жұмыстарын атқаруда.

Бұл сотталғандардың еңбегін қоғам игілігіне пайдалануға мүмкіндік береді. Жазасын өтеуші азаматтармен дәл осындай игілікті істер алда да атқарылатын болады.

Өзгелердің жаңалығы