Бас жаңалықтар
Ержан Максимнің жанкүйерлері арнайы шоу ұйымдастырады 
15 Қараша 2019, 16:08 447

Ержан Максимнің жанкүйерлері арнайы шоу ұйымдастырады 

Нұр-Сұлтан,  BAQ.KZ тілшісі. Польшаның Гливице қаласында өтетін Junior Eurovision музыкалық байқауына қатысатын жас әнші Ержан Максимді қолдауға арналған арнайы шоу ұйымдастырылады. Бұл туралы "Хабар" агенттігінің басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев мәлімдеді.

Бұл байқауға еліміз осымен екінші жыл қатысқалы отыр. Қазақстанның үмітін арқалап бара жатқан Ержан бауырымызға сәттілік тілейміз. Жерлесімізге дауыс беру 22 қараша күні түнгі сағат 00:00-де басталып, 24 қараша күні кешке өтетін гала концертке дейін жалғасады. Отандасымызға кез келген елдің азаматы дауыс бере алады. Баршаңыз Ержанды қолдайды деген ойдамы, себебі бұл байқау Ержанның ғана емес елдің абыройы. Қазақстанды әлемге танытатын халықаралық имидждік шара, - деп айтты Кертаев.
Байқаудың ақтық сыны 24 қараша күні Нұр-Сұлтан уақытымен 21:00-де "Хабар" арнасынан көрсетіледі. Ал 20:30-да Ержанның жанкүйерлерге арналған арнайы шоу ұйымдастырылады. Спикердің сөзінше "Хабар" арнасының тікелей эфирінде танымал өнерпаздар, белгілі азаматтар жиналып, көрермендерді Ержанға жанкүйер болуға және қолдауға шақырады. 
Ержанның әніне келетін болсақ, бұл әннің авторы – Хамит Шанғалиев, ал мәтінін Данияр Алдабергенов пен Тимур Балымбетов жазды. "Арманыңнан қалма" деп аталатын ән. Кез келген адамның арманына әрқашан ұмтылу керек екенін, арманға жетер жолда түрлі қиындықтар шықса соны жеңе білу басты қасиет екенін насихаттайды. Әннің бейнебаяны бір ай бойы "Хабар" мен оған қарасты телеарналардың эфирінен көрсетіліп жатыр. Байқаудың сайтында да бейнебаян біршама көрсетілім жинады. Еуропа, әлем көрермендері де ерекше қызығушылық танытады деген сенімдеміз, - деп айтты ол баспасөз мәслихатында. 
Ертең Ержан Максимнің шығармашылық ұжымы Польша еліне аттанады. 18 қараша дүйсенбіде жеребе тарту рәсімі өтіп, әншінің қандай нөмірмен өнер көрсететіні белгілі болады.

Ержан Максим өзінің сәттілік санын айтқаны туралы осыған дейін хабарлағанбыз.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...