Бас жаңалықтар
Ержан Қазыхан «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» форумына қатысты
06 Қазан 2021, 20:55 10724

Ержан Қазыхан «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» форумына қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» азаматтық форумына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан мен Еуропа Одағының адам құқықтары жөніндегі арнаулы өкілі Имон Гилмордың тең төрағалығымен «Жарқын болашаққа жол: індеттен кейінгі тұрақты қалыпқа келу» тақырыбында «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» азаматтық форумы өтті.

Іс-шара Алматы қаласының Әкімдігінің қолдауымен аралас форматта ЕО мен ОА-ның 300-ден астам өкілдерінің қатысуымен өткізілді. Форумның бірегей форматы сарапшыларды, құқық қорғаушылар мен БАҚ өкілдерін бір алаңға жинауға мүмкіндік берді және Орталық Азия елдері, сонымен қатар Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасында ашық талқылаудың болуына ықпал етті.

Жиынды ашқан Ержан Қазыхан Форум Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында, еліміздің саяси және экономикалық үдерістерінің қарқынды жаңғыруы кезеңінде өтіп жатқанын атап өтті. Қазақстан ұзақ жолдан өтіп, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді және өз институттарын жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда. Арнаулы өкілдің айтуынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің өз азаматтарын тыңдауына және олардың өтініштеріне жауап беруіне кепілдік беретін ауқымды экономикалық және саяси реформаларды бастады. Осы бағытта Мемлекет басшысы азаматтық қоғамға ерекше назар аударуда және оның одан әрі дамуы жақында қабылданған Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы аясында белгіленген. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – Үкіметтің қызметі мен шешімдеріне қоғамдық бақылау тетіктерін күшейту үшін жағдай жасау. Кезең-кезеңмен саяси жаңғыру Мемлекет басшысының қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында басты басымдық ретінде нақтыланды. Бұл басымдық сайлау үдерістерін жақсартуға, қоғам мен билік арасындағы диалогқа, әйелдерге, жастарға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға және діни бостандыққа мүмкіндік беру механизмдеріне бағытталған.

Мұндай ішкі саяси күн тәртібі COVID-19 індеті, климаттық дағдарыс және Ауғанстандағы күрделі гуманитарлық ахуал сияқты үш жаһандық сын-қатер аясында жүзеге асырылуда. Бұл мәселелерді шешу үшін әлемдік қоғамдастық, оның ішінде Орталық Азия мен Еуропалық Одаққа мүше елдер үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Еуропалық Одақ – аймақ елдері мен Қазақстанның сенімді серіктесі. Қазақстан мен ЕО арасындағы өзара сенімге, сыйластыққа және ортақ құндылықтарға негізделген қарым-қатынастар нығайып келеді. Осылайша, Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымы шамамен 24 миллиард долларды құрады. 2005 жылдан бері ЕО елдері Қазақстан экономикасына 160 миллиард долларға жуық инвестиция салды.

Кеңейтілген серіктестік туралы келісімнің жасалуы – Еуропалық Одақпен бірлескен жұмыстың маңызды нәтижесі. Бұл құжат былтыр күшіне енді. Аталған Келісім шеңберіндегі жұмыстар экономика, қауіпсіздік, ЕО елдері мен Қазақстандағы саяси даму сияқты үш бағытты қамтиды. Президенттің арнаулы өкілі Қазақстан еуропалық серіктестерінің аталған бағыттардағы күш-жігерін, сондай-ақ Форумда анықталған Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың күн тәртібін қолдайтынын айтты.



Фото: дереккөз
Загрузка...