Ертіс өңірінде 9 айдың ішінде 700-ден астам интернет алаяқтығы тіркелді

14 Қазан 2020, 18:05
1204
Бөлісу:
Ертіс өңірінде 9 айдың ішінде 700-ден астам интернет алаяқтығы тіркелді

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде интернет арқылы адам алдау деректері көбейді. Жыл басынан бері 700-ден астам алаяқтық фактісі тергелуде. 

Облыстық полиция департаменті криминалды полиция аға жедел уәкілі Әділбек Брыковтың мәліметінше, қылмыстардың тер жартысы ашылған. 

Өткен жылдың тоғыз айында небәрі 200-ден астам алаяқтық оқиғасы тіркелген. Ал биылғы жылы карантин кезеңінде онлайн тауар сату арқылы адамдарды алдап, оңай олжаға ие болғысы келгендердің саны күрт көбейді. Олар танымал ресурстарға қолдарында жоқ тауарды ұсынып, сатып алушыдан алдын ала төлемді талап етеді. Бұл айлаға іліккендер көп. Себебі, тауардың бағасы арзан. Тұтынушылар қандай да бір затты сатып алмас бұрын сатушымен хабарласып, тауардың бар-жоғын анықтаған жөн. Ол үшін бейнебайланысты қолдануға болады. Күмән тудырса, бас тартқан абзал. Сонымен қатар, бейтаныс сайттар мен әлеуметтік желілерден алыс болуға кеңес береміз. Жалпы, алаяқтықтың бетін ашу бұрынғы алгоритм бойынша жүргізіледі. Техникалық мүмкіндіктеріміз бар, - дейді Әділбек Брыков. 

Мамандардың айтуынша, алаяқтықпен айналысатын адамдар қаржылық сауатты және интернеттің қыр-сырын меңгерген болып келеді. Қылмыскерлер көбінесе киім-кешек, көліктің керек-жарақтарын саудалап, нәпақа тапқан. 

Ең ірі алаяқтық дерегі осы жылдың мамыр айында тіркелді. Алаяқтар тобы интернет арқылы көліктердің қосалқы бөлшектерінің жалған саудасымен айналысып, 14 млн теңге көлемінде шығын келтірген. Барлығы жазаларын алды. «Алаяқтық» қылмысы бойынша 3,5 жылға дейін бас бостандыққа шектеу қою жазасы қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы