Ертіс өңіріне соңғы тәулікте бірнеше адам қол-аяғын үсітті

5 Ақпан 2019, 15:11
2953
Бөлісу:
Ертіс өңіріне соңғы тәулікте бірнеше адам қол-аяғын үсітті

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің тұрғындарын қатты аяз қысты. Соңғы тәуліктерде төрт адам қол-аяғын үсітіп алды.

Бұл туралы өңірдегі денсаулық сақтау басқармасының өкілдері хабарлады.

«60 жастағы трақты мекенжайы жоқ адам екі қолының саусақтарын үсітіп алды. Осы санаттағы тағы бір 40 жасар азаматты үшінші деңгейлі үсік шалды. Оның да саусақтары үсіп қалды. Ал Ертіс ауданының 26 жастағы тұрғыны ішімдікке бой ұрып, қолын үсітіп алды. Сонымен қатар, 30 жастағы ер адамның қолы үсіп, жедел-жәрдем қызметін шақырған. Зардап шеккендердің барлығы ауруханаға жеткізіліп, олардың барлығына медициналық көмек көрсетілді», - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева.

Алдағы бірнеше күнде Павлодар облысында ауа температурасы -45С градусқа төмендемек. Синоптиктердің болжамынша, үстіміздегі жылдың 6-7 ақпанында аяз түседі.

«Ертіс өңірінде Оңтүстік Сібірде қалыптасқан антициклонның әсерінен қатты аяз болады. 6-7 ақпан күндері сынап бағанасы -30С градусқа дейін төмендейді. Осындай ауа райы алдағы бес күнде болады деген болжам бар. Жауын-шашын болмайды», - дейді «Қазгидромет» мекемесі жергілікті филиалы метеоболжамдар бөлімінің бастығы Галина Шпак.

Айта кетейік, бүгін аймақтың 350-ден астам орта мектебінде 1-11 сыныптардың сабақтары тоқтатылды.

Ақмаржан Әділбек

Өзгелердің жаңалығы