Ертіс өңірінде жоспарланған асыл тұқымды малдың 72 пайызы жеткізілді

9 Қаңтар 2019, 10:12
2464
Бөлісу:
Ертіс өңірінде жоспарланған асыл тұқымды малдың 72 пайызы жеткізілді

Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Тілекбол Шарапатов мәлімдеді.

«Ең жоғары көрсеткіш бойынша абердин-ангус тұқымды 606 бас сиыр сатып алған баянауылдық «Жайма» ЖШС көш бастап тұр. Бұдан кейін Аққулыдан 520 бас әкелген «Алтай» шаруа қожалығы мен Шарбақты ауданында 200 бас етті бағыттағы сиыр жеткізген «Победа» серіктестігін атап өтуге болады. Бұл малдардың барлығы Ресейден сатып алынды. Ал, железиндік «Пахарь» ЖШС Германиядан 597 бас сүтті бағыттағы голштино-фриз сиырын алған. Жалпы, 2018 жылы облыс бойынша жоспарланған 3700 бас асыл тұқымды малдың 72 пайызы жеткізілді», - деді Тілекбол Шарапатов.

Мәселен, Тереңкөл ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мал шаруашылығы жөніндегі бас маманы Құрман Ахметов ауданда «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жоспарланған 888 асыл тұқымды мал басының 392-сі жеткізілгенін айтады.

«КазПромАгро» ЖШС мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 500 асыл тұқымды мал әкелуді жоспарлаған болатын. Қазіргі уақытта Ресейдің Брянск облысынан 322-сі әкелінген. Барлығы абердин-ангус тұқымды сиырлар. Қалғандарын жүк көлігінің босамауына байланысты алдағы күндері әкелмек. Аталмыш шаруа қожалығында қазіргі кезде 554 бас асыл тұқымды сиыры бар. Оның 232-сі ақбас сиырлар. 2016 жылы құрылған серіктестік егін және мал шаруашылығы саласында нәтижелі жұмыс жасауда, - деді Құрман Ахметов.

Бұдан басқа, аудандағы «Ереке» шаруа қожалығы жоспарланған 200 бастан 70 бас абердин-ангус сиырларын Ресейдің Красноярск өлкесінен сатып алған.

«Мемлекеттік бағдарлама аясында «Карина» ШҚ – 80, «Сивухин» ШҚ – 50, «Агро Колос» ЖШС – 58 бас әкелу керек болған. Алайда аталмыш қожалықтар асыл тұқымды малдарын әлі әкеліп үлгерген жоқ. Бұл кешіктірілудің себебі, асыл тұқымды малдарды сатып алған кезде, Ресейден шығармас бұрын ветеринарлық-санитарлық талаптарға сай бірнеше кезеңнен тұратын тексерулері бар. Оған қоса, елімізге әкелген сәтте де тексеруден өткізіледі. Сондықтан бұл жұмыстарға көп уақыт кетеді», - дейді Құрман Ахметов.

 

Өзгелердің жаңалығы