Ертіс өңірінде провизорлық стационарлар ашылуда

3 Шілде 2020, 11:15
1251
Бөлісу:
Ертіс өңірінде провизорлық стационарлар ашылуда
PHOTO
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында бір күнде 800 төсек-орынға шақталған бірнеше провизорлық стациноар мен триаж-орталық құрылды.

Провизорлық стационарлардың бірі облыс орталығынан жеті шақырымдық жерде орналасқан "Мойылды" шипажайының жанынан ашылды. Шипажай терапевті Есен-Аман Қаймиденовтің айтуынша, ем-дом шараларын алып жатқан 250 тынығушы бұл шешімге түсіністікпен қарап, жолдамаларының уақытын тоқтатты.

1110 (4).jpg

Біздің шипажай 750 орынға арналған. Бүгінгі күнде 250 жолдама бойынша ем қабылдап жатқан азаматтар болды. Олардың барлығы таңғы астан соң жол жүріп кетті. Төлеген ақшаларын қайтарып берді. Провизорлық стационар үшін 300 орын ұсынамыз. Барлығын дайындап қойдық. Палаталарға арналған бір бөлмеде екі төсек-орын бар, - дейді Есен-Аман Қаймиденов.
Ал облыс орталығындағы "Баянтау" спорт кешенінің ғимаратында науқастарды қабылдау мен диагностикалау үшін триаж-орталығының жұмысы ұйымдастырылды. Осы уақытқа дейін кереуеттер мен медицина құралдары тасымалданды.

1110 (2).jpg

Павлодар облысының штаттан тыс бас эпидемиологі Сәуле Оспанованың айтуынша, өңірде ауруға шалдыққандар саны күннен күнге өсіп жатыр. Сондықтан, медицина мамандары күш біріктіріп, жедел әрі дұрыс шешім қабылдауы тиіс.

"Баянтау" спорт сарайының жанынан ашылған госпитальге коронавирустық инфекцияның белгілеріне ұқсас ауруға шалдыққан науқастар қабылданады. Себебі, осында түскен пациенттердің мәртебесі зертханалық тұрғыдан белгісіз болады. Кейін диагностика жасалып, өзге клиникалық базаларға бағытталады. Бұл триаж-орталық 24 сағаттың ішінде ашылды. Госпиталь жұмысын ұйымдастыру барысында медициналық талаптардың барлығы сақталды. Ғимараттың аумағы емдеу мекемесінің жұмысына бейімделді. Спорт сарайының территориясы "қызыл" және "жасыл" зоналарға бөлінді. Дәрігерлердің қолайлығы үшін демалыс орындары мен азық-түлікпен қамту жұмысы реттелді, - дейді Сәуле Оспанова.
1110 (1).jpg

 Айта кетейік, триж-орталық жанынан колл-орталық ашылды. Мамандар науқастардың туыстарына ақпарат беріп отырады.

Коронавирустық инфекциясының таралуын тоқтату жұмысы жедел штаб өкілдеріне жүктелді.

Өзгелердің жаңалығы