Бас жаңалықтар
Ертіс өңірінде мүгедектерді ем-доммен қамтуға 197 млн теңге қажет
16 Қазан 2019, 07:50 264

Ертіс өңірінде мүгедектерді ем-доммен қамтуға 197 млн теңге қажет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл сайын қаржыландыру көлемі ұлғайғанымен, бірқатар мәселе әлі толық шешімін таппауда, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Мәселен, облыста көзі нашар көретін немесе зағип жандардың жұмыс істеп, ақпаратты қабылдауын жеңілдететін тифлотехникалық құрылғылар жеткіліксіз.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ардагерлер мен мүгедектермен жұмыс бөлімінің басшысы Зарина Алинова аталған құрылғылар бағаларының қымбат болуына байланысты бұл мәселені түбегейлі шешу қиындықтар туғызатынын атады.

"Мысалы, экрандық қолжетімділік қызметі бар әрбір ноутбук 2,5 млн теңге, ал оқу машинасы 1,5 млн теңге тұрады. Облысқа мұндай құрылғылардың 500 данасы қажет", - деді ол.

Бұдан басқа, өңірімізде тұратын мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға арба қажет. 2017 жылы облыс басшылығы тарапынан 117 млн теңгеге 1000-нан астам арба сатып алынды. Бүгінде мұндай құралдарға деген қажеттілік 944 дана деңгейінде. Кемтар жандар үшін тағы бір өзекті мәселе – санаториялық-курорттық ем алу.

Зарина Алинованың айтуынша, биылғы жылы мұндай емді 991 адам қабылдаған.

"Бүгінде санаториялық-курорттық ем алғысы келетіндердің саны 2522 адам. Оған 197 млн теңге қажет. Биыл мыңға жуық адам емделіп шықса, келер жылы бұл санды арттыру жоспарлануда", - дейді Зарина Алинова.

"Сострадание" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Юрченко санаториялық-курорттық ем аламын деушілердің саны 2522 емес, кемінде 20 мың адам деген уәжін айтты. Сол себепті, үкіметтік емес ұйым өкілі қазіргі кезде бар санды әлдеқайда ұлғайту керек деген ұсыныс жолдады.

Оған жауап берген облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Камалова бюджет мұндай ауырлықты көтере алмайтынын атап, басқарма тарапынан келер жылы квотаны 1,5 мың адамға жеткізу туралы бюджеттік өтініш жолдағанын айтты.





Фото: ашық дереккөз
Загрузка...