Ертіс өңірінде еріктілер қозғалысы трендке айналады

28 Қаңтар 2020, 20:02
2046
Бөлісу:
Ертіс өңірінде еріктілер қозғалысы трендке айналады

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде еріктілер жылы аясында шығыны көп шараларға емес, қарапайым игі істерге басымдық беріледі. Аймақтың белсенділері үстіміздегі жылға межеленген жоспарларымен бөлісті.

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Тілеулесовтың айтуынша, еріктілер жылында азаматтардың ынталары бағаланбақ.

Волонтерлер жылы еріктілер қозғалысының жүйелі дамуы үшін тиімді механизмдер жасалады. Өңірде еріктілер жылы "Birgemiz" қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Биыл еріктілер қозғалысы тек жастар арасына емес, түрлі әлеуметтік санаттағы азаматтар арасында дамиды. Былтырғы жылы облыста еріктілер бастамаларын қолдау орталығы ашылды. Оның жұмыс моделі қоғам арасындағы сенімсіздікті жоюға бағытталып, игі істерге қарапайым азаматтарды тартуға да бағытталды. Сонымен қатар, волонтерлік кеңес жұмысын жалғастырады, - дейді Руслан Тілеулесов.

Айта кетейік, qazvolunteer.kz бірыңғай онлайн-платформа арқылы қалың жұртшылыққа еріктілердің қызметтері туралы ақпарат таратылады. Бүгінгі күні платформада жоғары оқу орындарының студенттерін қабылдау бойынша 36 ұйым тіркелді. Игі істерге бас-аяғы 200-ден астам азамат жұмылдырылмақ.

Еріктілер жылы шеңберіндегі белсенді жұмыстарын Торайғыров университетінің ғалымдары мен қызметкрелері бастап кетті. Жуырда білікті кадрларды даярлайтын ірі білім беру ошағы ұжымдық келісімшартқа өзгертулер енгізіп, құжатқа қол қойды. Бұл - осындай игі бастама көтерген алғашқы университет. Құжат негізінде еріктілер жылында сала мамандары аптасына төрт сағаттық уақыттарын қайырымды істерге жұмсау құқығына ие. Сондай-ақ, оқу орнына жұмысқа қабылдау
барысында еріктілікпен айналысатын мамандарға басымдық беріледі. Қазіргі уақытта бұл бағытта кешенді жоспар әзірленген. Алғашқы жоба ретінде еріктілер мектебі іске қосылмақ.

Бүгінде университетте 100-ден астам белсенді бар. Ұл-қыздар түрлі салаларға жұмылдырылған. Еріктілер бір ай бойы даярланады. Оқыту үрдісі барысында экология, әлеуметтік сала, медиа салаларын таңдау мүмкіндігі беріледі. Даярлық соңында жобаларын қорғап, кейін жүзеге асырады, - дейді еріктілер мектебінің үйлестірушісі Карина Закарина.
Жалпы, аймақта еріктілер қозғалысы қарқынды дамыған. Қазіргі таңда 10-ға жуық бірлестік бар.

Өзгелердің жаңалығы