Ертеңнен бастап Алматыда туристік автобустар жүретін болады

25 Маусым 2019, 20:35
1837
Бөлісу:
Ертеңнен бастап Алматыда туристік автобустар жүретін болады
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 26 маусымнан бастап Алматыда алғаш рет Гонконг және Лондон қалаларының үлгісі бойынша екі қабатты туристік автобус іске қосылады. 

Бұл туралы Алматы қаласы туризм және ішкі байланыс басқармасының басшысы Мақсат Кикимов өзінің инстаграм парақшасында жазды. 

Оның айтуынша, туристерге арналған мұндай автобустар Республика алаңында тұратын болады. Сонымен қатар ол мына бағыттар бойынша жүріп өтеді: Республика алаңы - Есентай молл – Тұңғыш президент саябағы – Республика алаңы.

«Алматыда алғаш рет Гонконг және Лондон қалаларының үлгісі бойынша екі қабатты туристік автобус іске қосылады. Шолу экскурсиясы қаланың ең қызықты жерлерімен өтеді. Сіздер Алматы қаласының басты көрікті жерлерін тамашалай аласыздар. Сіз әр ғимараттың тарихына үңіліп, қала атмосферасын сезесіз,ұмытылмас әсер аласыз»,-деп жазды басқарма басшысы инстаграм парақшасында.

Автобус  билетінің құны  ересектер үшін 1500 теңге, мектеп оқушылары, студенттер мен зейнеткерлер үшін 800 теңге. Ал мектепке дейінгі оқушылар тегін қатынай алады.

Мақсат Кикимовтың айтуынша, адамдар бір рет сатып алынған билетпен бірнеше рет қаланы аралай алады.

«Егер сіз таңертең билет алып автобусқа отырған болсаңыз, кешке сол билетпен келіп тағы да отыра аласыз»,- дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы