Ермекбаев: Біздің ортақ міндетіміз – ел тыныштығын сақтап, болашақ ұрпаққа бейбіт өмір сыйлау

7 Мамыр 2021, 11:17
1019
Бөлісу:
Ермекбаев: Біздің ортақ міндетіміз – ел тыныштығын сақтап, болашақ ұрпаққа бейбіт өмір сыйлау
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев әскери қызметшілер мен ардагерлерге Отан қорғаушы күніне арнап бейнеқұттықтау жолдады.

Биыл Қазақстанның Қарулы Күштеріне 29 жыл толмақ. Осы уақыт ішінде ел әскері мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығының кепілі, сенім артар тірегі болды. 

Сіздің әскери борышқа берік, антқа адал болу қасиетіңіздің арқасында ел іргесі бүтін, аспаны ашық, халқымыз бейбіт өмір сүруде, - деді министр әріптестері мен қызметтестеріне. 

Генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елдің қорғаныс қабілеті мен армияның жауынгерлік қуатын нығайтуға бағытталған тапсырмаларының Тұңғыш Президент салған сара жолмен сабақтастығын атап өтті. 

Қазақстан жауынгерлері адамзат тарихындағы ең алапат соғыста 76 жыл бұрын бостандық пен тәуелсіздікті қорғаған ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрін абыроймен жалғастыруда, – деді қорғаныс ведомствосының басшысы. 

Нұрлан Ермекбаев Ұлы Отан соғысындағы ата-бабамыздың ерлікке толы дара жолы өскелең ұрпақ үшін тағылымы мол үлгі-өнеге екенін айтып өтті. 

Біздің ортақ міндетіміз – сұрапыл соғыстың болуына жол бермей, еліміздің тыныштығын сақтап, болашақ ұрпаққа бейбіт өмір сыйлау, - деді Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев. 

Сөз соңында қорғаныс ведомствосының басшысы қан майдандағы шайқаста Жеңіс туын желбіреткен, тылдағы қажырлы еңбегімен Жеңісті жақындатқан қадірлі ардаргерлерді, бейбіт өмірде ел тыныштығын қорғауда тұрған жауынгерлерді құттықтады. 

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев баршаға зор денсаулық, әр отбасына амандық, қасиетті Отанымыз – Қазақстанның айбынын асқақтатып, оны қорғау жолындағы абыройлы істе толағай табыс тіледі.

 
 

Өзгелердің жаңалығы