«Erlik.kz» сайтына тың материалдар енгізілді

9 Мамыр 2019, 17:12
6004
Бөлісу:
«Erlik.kz» сайтына тың материалдар енгізілді

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласындағы «Ерлік» мемориалдық кешенінде Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына аттанған, жеңіспен қайта оралған, белгісіз кеткен және Кеңес Одағының Батырлары сынды өзге де есімдер тасқа қашалып жазылған. 

Онда орналасқан колонналардағы ардагерлер тізімінің барлығы дерлік облыстық, қалалық, аудандық әскери комисариаттардың (военкомат) әліпбилік тіркеу кітап-журналдарынан алынып жинақталды. 

Бұл тізімді түгендеуде тиісті мекемелермен қатар, облыстық, қалалық, аудандық архивтердің қызметкерлері белсене кіріскенін айта кеткен жөн. Аталған игі шара әлі де жалғасын тауып, еrlik.kz арнайы сайты ашылды. Сайтқа облыс аумағынан майдан даласына аттанған 106 000 азаматтың тізімі электронды нұсқада енгізілген. Кез келген оқырман сайтқа кіріп, әр ардагерге қатысты керек мәліметтерді ала алады. 

Басты бетте жамбылдық Кеңес Одағының Батырлары, майдангерлер, отты жылдардың тарихы және галерея орналастырылған. Сонымен бірге ұсыныс-пікірлер қалдыру мақсатында байланыс телефондары мен мекен-жайы туралы да ақпараттар бар. Сайт қолда бар жаңа мәліметтермен толықтырылып, жаңартылады. 

Жамбыл облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктердің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің қызметкерлері қазіргі таңда көзі тірі 77 ардагердің мекен-жайын алып, кездесіп, әңгіме-сұқбат, фото, видео, естеліктер жинақтаған. еrlik.kz сайтының ішінен солардың негізінде «Жеңіс сарбаздары» атты айдар ашылып, ардагер қариялардың естелік әңгімелері, отбасылары, құжаттары, медалдары, куәліктері және басқа да мәліметтері енгізілді. 

«Бүгінде көзі тірі ардагерлердің барлығының жасы тоқсаннан асқан. Жасы келсе де көштен қалмаған көшелі жандарды әдетте, сүйегі асыл деп әспеттейміз. Махмуд есімді қария қазірге дейін түрлі мерекелік шаралардан қалмай, омырауы орден, медальдарға толы костюмін киіп, жастарға өз басынан өткен өмір сабақтарынан өнегелі әңгіме айтып жүр», - дейді Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева.

Өзгелердің жаңалығы