Ерлан Қарин: Ұлттық кеңесте көтерілген мәселелер президент назарында болады

6 Қыркүйек 2019, 15:07
5866
Бөлісу:
Ерлан Қарин: Ұлттық кеңесте көтерілген мәселелер президент назарында болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық кеңестің алғашқы ресми отырысы өтті. Осыған орай кеңес жиынында көтерілген мәселелер жайлы президент кеңесшісі Ерлан Қарин арнайы брифинг өткізді.

Ұлттық кеңес құру туралы ұсыныс Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында айтылғаны туралы тоқталған Ерлан Қарин бұл кеңестің басты міндеті билік пен қоғам арасындағы тікелей диологты қамтамасыз ететіндігінде деді.

«Президент сайлауынан кейін, инагурация барысында да Ұлттық кеңес бастамасына аса зор мән берді. Бұл кеңесті құру маңыздылығын атап өте отырып, президент ретіндегі алғашқы жарлығы да осы Ұлттық кеңесті құру туралы болған еді. Осы жарлық негізінде Президент әкімшілігіне бір айдың ішінде азаматтық қоғам өкілдерінен, саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдерінен кеңес мүшелерінің құрамын, регламентін дайындауды тапсырды» - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, президент жарлығынан соң Ұлттық кеңес жұмысы жандана бастады.

«Бір айдың ішінде кеңесте қандай мәселелер қаралады, қандай бағыттарды ұстанады, не істейді, қандай ереже қалыптастырамыз деген мәселелерді талқыладық. Осы бойынша тамыз айының 28-де кеңестің мүшелік кездесуі өтті. Онда кеңес мүшелері үш жұмыс тобын құрды. Әлеуметтік жаңғыру, саяси жаңғыру және экономикалық жаңғыру мәселесі бойынша жұмыс істейтін үш топ құрылып, өздерінің бастамасы бойынша әрқайсысынан екі спикерден шығып, өздерінің ұсыныстарын ортаға салуы керек деп келісілді» - дейді Ерлан Қарин.

Осы келісім бойынша бүгін алғашқы отырыста спикерлер сөз сөйледі.

«Әр топ өзі дайындаған ұсыныстарын Қазақстан республикасының президентіне жеткізді. Бүгінгі айтылған ұсыныстар мемлекет пен қоғам дамуының барлық саласын қамтыды. Яғни, саяси даму бағыты, экономикалық даму бағыты т.б. түгелдей қамтылды. Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық кеңес – саяси пікірталас алаңына айналды. Бүгінгі отырысы барысында Ұлттық кеңес мүшелері ең өзекті деген мәселелер бойынша өз ойларын айтты. Әрине, ұсыныстар, мәселелер өте көп» - деді Президент кеңесшісі.

Ерлан Қарин Ұлттық кеңес жұмысы әлі де ары қарай жалғасатынын айтты.

«Ұлттық кеңес жұмысы әлі де жалғасын табады. Онда айтылған ойлар, ұсыныстар, көтерілген мәселелері әлі де талқылауды, сұрыптауды қажет етеді. Қандай заңнамаға сәйкес, қандай жағдайда шешімі табылады, т.б. дегенді тиісті сарапшылармен бірлесе отырып талдайтын болады» - деді саясаткер.

Ол Ұлттық кеңес мүшелері ұсынған ұсыныстар мен мәселелерді Мемлекет басшысы өзі назарда ұстайтынын айтты.

«Сонымен қатар Ұлттық кеңес жұмысы бойынша арнайы құжат қабылданып, ол Президент әкімшілігі арқылы арнайы бекітілетін болады. Бұл жұмыстар алдағы бір аптаның ішінде қаралатын болады. Содан кейін жоғарыда аталған үш топқа қайта тапсырылып, олар сол арқылы жұмыстарын жалғастырады. Олар сол сұрыпталған құжат бойынша түрлі талқылаулар, пікірталастар өткізеді. Сол кезде көтерілген мәселелер, айтылған ұсыныстар қалай шешілетіні анықталады» - деді Ерлан Қарин.

Өзгелердің жаңалығы