Ерлан Әлімбаев Тери Хакаламен кездесті

5 Қазан 2021, 21:15
8365
Бөлісу:
Ерлан Әлімбаев Тери Хакаламен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаев Қазақстанға сапармен келген Еуропалық одақтың Адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Имон Гилмормен және Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Тери Хакаламен кездесті.

Е.Әлімбаев делегацияны Қазақстанның сыртқы саясатының басымдықтары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Ол сондай-ақ еуропалық әріптестерін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси реформалардың жүзеге асырылу барысымен таныстырды.

ЕО-ның арнайы өкілі И.Гилмор Қазақстанға алғашқы сапарын ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның Еуроодақпен ынтымақтастығын, оның ішінде адам құқықтарын қорғау жолында нығайтуға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

«Орталық Азия – Еуропалық одақ» диалогтық платформасы шеңберінде тараптар 6 қазанда Алматы қаласында гибридті форматта өткізуі жоспарланып отырған алдағы Азаматтық форумды талқылады. Аталған форум Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша стратегиясын іске асыруды талқылау үшін Орталық Азия және Еуропалық одақ азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен өтеді.

Келіссөздердің бөлек тақырыбы Ауғанстандағы жағдай болды. Тараптар осы елдегі жағдайды тұрақтандыру бойынша көмек пен бірлескен шаралар қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ, ҚР-ЕО Кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы келісімді іске асыру барысы талқыланды. Министрдің орынбасары ҚР-ЕО ынтымақтастық кеңесінің отырысы барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыру қажеттігін атап өтті.

Кездесу соңында тараптар тұрақты жұмыс байланыстарын қолдауға келісті.

Өзгелердің жаңалығы