Еріктілерді бірлік қана бір арнаға тоғыстыра алады – ұйымдастырушы

29 Қаңтар 2020, 20:54
3516
Бөлісу:
Еріктілерді бірлік қана бір арнаға тоғыстыра алады – ұйымдастырушы
PHOTO

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандылықтарға "Tamshy KZ" қоғамдық қайырымдылық қоры жақсы таныс. Жетім мен жесірге, мүгедектер мен мұқтаж жандарға, жалғызбасты аналар мен науқас адамдарға көмек қолын созып, ізгілікті іс жасап жүрген еріктілерді соңынан ерткен, қордың президенті Жансая Каменовамен әңгімелескен едік.

Құрамында 80 еріктісі бар "Tamshy KZ" қайырымдылық қоры 2018 жылдың қазанынан бастап жұмыс істейді. Алғашында "Мейірімді жастар" деген атаумен құрылған қайырымдылық клубы өткен жылдың наурыз айында заңды түрде Әділет басқармасынан ресми түрде тіркеуден өтіп, "Tamshy KZ" қайырымдылық қоры болып бекітілген. Қор президенті Жансая Каменованың айтуынша қайырымдылық жасау өмірлік ұстанымына айналған.

060A1DAD-487F-4CBF-81FB-D6165C310C1D.JPG

Мақсатым тамшыдай жақсылық жасап, теңіздей сауапқа кенелу. Еріктілер клубын ашып, соңымнан жастарды ерткендегі басты себебім де осы. Жарымжан жандарға, қам көңіл қарттарға, сырқат балалар мен мүгедек пенделерге көмек қолын созу арқылы Аллаһ разылығына ұмтылу. Біздің қор көптеген қайырымдылық жәрмеңке, акция мен концерт ұйымдастырып, жиналған қаржыны мұқтаж жандардың керегіне жұмсап келеді. Сонымен қатар, футбол, волейболдан турнирлер, шеберлік сабақтарын, жастар кездесулерін өткізіп тұрамыз. Көпшіліктен жиналған ақша көптеген баланың ауруынан айығуына, жетім мен жесірдің қажетін өтеуіне, тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын созуға, қарттардың көңілін аулауға жаратылады. Осылайша игі істерге тамшыдай болса да өз үлесімізді қосып жүрміз, - дейді Жансая Каменова.
IMG_0820.JPG

Бар-жоғы жиырма жастағы қаршадай қазақ қызы жауапкершілігі аса жоғары істі бастап ғана қоймай, қордың ел арасында танымал болуына барынша тер төккен.

Өзім 1999 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақшоқы ауылында дүниеге келдім, балалық шағым осы ауылда өтті. Отбасымызда бес баламыз. Өзімнен үлкен екі ағам мен екі әпкем бар. 9-сыныпты аяқтағаннан кейін Қарағанды қаласында "Болашақ" колледжінде білім алдым. Оқуды аяқтаған соң аталған колледждің қабылдау комиссиясында, одан кейін "Бота" жастар орталығының көпшілікпен жұмыс бөлімінде жұмыс атқардым. Осы "Бота" клубында жұмыс істеп жүргенімде еріктілер клубын ашу жайлы ой келді. Бастапқыда бәрі қиын болды. Қорды заңды түрде тіркей алмай, кеңсеміз болмаған кезде жиналыс өткізе алмай, адамдарға ниетіміздің түзу екендігін сендіре алмай қиналдық. Дегенменде, күннің аптап ыстығы мен қақаған суығында тоқтамаған жастарды, еріктілерді бір арнаға тоғыстыратын күш – бірлікте, сенімде, жақсылыққа құштар жылы жүректе екендігін білдім. Осы үшеуі барда талай теңізді толқытып, талай биікті бағындырып, талай тауды тауға соғар толағай жұмыстарды атқарарымыз анық, - дейді Жансая.
D988B668-BAC8-4B96-9302-49E2DF02E154.JPG

Қоғамдық қор өткен жылы кеңсесін ашып, халыққа тағы да бір табан жақындай түскен. Енді тамшылықтар идеялары мен ойларын ортақ алаңда бөлісе алады.

IMG_5242.JPG

Алғашқы кеңсемізді 2019 жылдың қыркүйек айында аштық. Жалпы қор құрамындағы еріктілердің көпшілігі еткіншектер, студенттер. Жастар кеңсеге сабақтан, жұмыстан босаған уақыттарында келеді. Аптасына екі рет жиналып, қордың жұмысын жандандыруға байланысты жаңа идеяларымызбен, жарымжан жандарға көмектесудің жаңаша жолдарымен бөлісеміз. Кеңсеміздің ашылуы көмекке зәру жандарға да ыңғайлы болып тұр. Бұрын тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік желі арқылы немесе мешіттен іздейтінбіз. Қазіргі уақытта мұқтаж жандар бізді өздері іздеп келіп, құжаттарын тапсырып, кезекке тұрады. Бізде барлығы да заңды. Ақшамен жұмыс істеудің өз қиындығы бар, сондықтан да қордың кез-келген жұмысы заңдық негізде жасалады, - дейді қайырымдылық қорының басшысы.

IMG_3540.jpg

"Tamshy KZ" қайырымдылық қорының аясында "Кітапқа өмір сыйла", "ТамшыLike", "Тамшының қолөнері" жобалары құрылып, бүгінде сәтті жұмыс істеп тұр. Оның ішінде "Сатып ал да сауап ал" ұранымен жүргізілетін "Кітапқа өмір сыйла" акциясы халық арасында кеңінен қолдауға ие.

99B73A5E-486B-4824-98D1-1D8AEED853D2.JPG

Бұл акцияда халық бізге өздері оқып тауысқан, енді сөреде босқа тұрған кітаптарын өткізеді, біз оны қабылдап алып, ішінен дұрыс деген кітаптарды таңдап, адамдарға 500 теңгеден сатамыз. Акцияны "Кітапқа өмір сыйла" деп атауымыздың өзіндік себептері бар. Осы арқылы адамдарға кітапты сатып алу арқылы бір адамның өмірін құтарып қал, ол да өмір сүрсін деген сөздерді жеткізгіміз келсе, екіншіден – сөреде шаң басқан кітаптарды бізге беру арқылы немесе кітап сатып алу арқылы зейініңді аш, яғни кітаптарға өмір сыйла деген мағынаны береді, - дейді Жансая Каменова.

IMG_0748.jpg

Қайырымдылық қоры атқаратын игі істердің қатарында тек қайырымдылық жасау емес, сондай-ақ, жастардың тәрбиесіне көңіл бөлу ісі де қолға алынуда. Соның бір мысалы - "ТамшыLike" жобасы.

IMG_2378.jpg

Қазіргі уақытта өкінішке орай, ғаламтор желісінде ұрпақ тәрбиесіне мән беретін әлеуметтік топтар азаюда. Instagram
 желісінде мағынасыз дүниелер тамырын терең жаюда. Осыны ескере отырып, адамдардың игілігі үшін жұмыс істейтін жоба құрдық. "ТамшыLike" жобасы аясында адамдарға ой салаларлық вайндар мен бейнероликтар түсіріп, оны әлеуметтік желіде таратуды қолға алып жатырмыз. Осылайша қоғамға тамшыдай үлес қосып, теңіздей шексіз игі істерге бастама болмақшымыз. Қарағанды қаласында алғашқы мейірімнің қара шаңырағына, құрметтің ордасына айналған "Tamshy KZ" әлі де болса өсе түсіріне, қанатын кеңге жаятынына сенімдімін, - дейді Жансая Каменова.
IMG_2525.jpg

Жансаяның айтуынша, еріктілер күн сайын мұқтаж жандарға көмек қолын созады. Бірде олар тұрмысы төмен отбасының балаларына киім әперсе, бірде перзентханадағы көмекке зәру келіншектің баласына қажетті киім-кешектерін апарып береді, кейде аналар баланың дәрісіне ақшалай көмектесуін сұрап хабарласады. Міне, осылайша қайырымдылық қорының әр күні игі іспен, ізгі ниетпен, бастысы зор алғыспен өтіп жатыр.

IMG_7414.jpg

P.S. "Нағыз әдемілік – мейірімділік пен адамгершілікте" деген қағиданы ұстанатын Жансая Болатқызының ерен ісінің өзгелерге үлгі болуын, қарағандылық еріктілердің қанатының талмауын тіледік.

IMG_5693.jpg
Өзгелердің жаңалығы