Алматыда күніне 20 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етіледі

3 Сәуір 2020, 17:07
1523
Бөлісу:
Алматыда күніне  20 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Пандемия таралғаннан бері еріктілердің жұмысы еш тоқтаған емес. Күн сайын олар мұқтаж отбасыларын аралап, көмек-қолын созған жандардың азық-түліктерін таратады. 

Аян Арлиұлы жас еріктілердің бірі. Алматы қаласындағы Алматы менеджмент университетінің 2 курс студенті барлық еріктілермен бірігіп, таң атқаннан кеш батқанға дейін жағдайы төмен отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етеді. 

Біреуге көмек керек кезде мен  қол ұшымды созбай отыра алмаймын. Елімізге осындай індет келген уақытта, барлық халық бірдей азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етіліп отырған жоқ. Ең басты мақсатымыз мұқтаж жандарға көмектесу, - деді жас ерікті. 

Бұл игі іспен айналысып жүргеніне бір ай ғана болған. Айтуынша, індетке қарсы жеткілікті дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатса да, вирусты жұқтырып алудан қорқамыз дейді.  

Әрине, үнемі індетті жұқтырып аламыз деген қауіп бар. Бірақ біз өзіміз үшін және көмектесіп жатқан тұрғындар үшін барлық мүмкіндікті жасаймыз. Қалтамызда антисептик, қолымызда қолғап және бетпердені үзбей тағамыз. Әрбір қазақстандық гигиена шараларын сақтау керек деп ойлаймын, - деді Аян Арлиұлы. 
Сонымен қатар, ерікті күн сайынғы атқаратын жұмыстары жайлы да айтып берді.
Күн сайын біз сатып алынған өнімдерді соның ішінде азық-түліктерді арнайы қапшықтарға бөліп, өлшеп, ораймыз. Дайын болған қапшықтарды көлікке тиеп, арнайы белгіленген үйлерге апарып таратамыз. Жұмыс соңында барлық көмектескен үйлеріміз туралы басшымызға есеп береміз, - деді ерікті. 

Күніне бір көлікпен еріктілер орта есеппен 12-20 үйді аралап шығады екен.

Өзгелердің жаңалығы