Бас жаңалықтар
Еріктілер ерлігі
EX PHOTO
09 Қаңтар 2021, 13:07 197

Еріктілер ерлігі

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Волонтерлер жылы деп жарияланған 2020 жыл еріктілердің нағыз өздерін көрсететін кезең болды. Пандемия кезінде олардың қоғам үшін атқарған еңбегі орасан. Карантин кезінде волонтерлер мұқтаж жандарға бетперде, гигиена заттарын, азық-түлік себеттерін таратып қана қоймай Арыс пен Мақтаарал аудандарын қалпына келтіруге көмектесті.

Тек Алматы қаласының өзінде пандемия кезінде қайырымдылық және волонтерлік ұйымдар, сонымен бірге, қалалық демеушілер, меценаттар және кәсіпкерлер 80 мыңнан астам мұқтаж адамға жалпы сомасы 1,9 млрд теңгенің көмегін көрсеткен.

Өткен жылы Алматыда волонтерлік қозғалыстарды дамыту бойынша жобалар денсаулық сақтау, қарттарға қамқорлық, білім беру, экология және тұрғындармен бірлесіп әрекет ету салаларында ойдағыдай жүзеге асты. Қалада 28-ге жуық ірі еріктілер ұйымы жұмыс істеуде. Бұл ұйымдардың базалық деректерінде 50 мыңнан астам еріктілер бар екен.

ерлик.jpeg

Пандемия кезінде қала тұрғындарына мыңдаған еріктілер көмек көрсетті. Олар 80 мыңнан астам азық-түлік жиынтығын тасымалдады. Карантин кезінде еріктілер әсіресе дәрігерлерге, басқа елдерден келген азаматтарды орналастыруға көмектесті, эпидемиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық мониторинг жүргізді, қаланың әлеуметтік қызметтерінің жұмысына ықпал етті, сондай-ақ тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

«Қазақстанның еріктілер лигасы» қоғамдық қоры Алматы қаласы филиалының төрайымы Бағдат Анарбаеваның айтуынша, Еріктілер жылын өткізу аясында Алматыда 78 іс-шара өткізілген.

Оның ішінде 700 мыңнан астам адамды қамтитын 12 серпінді жоба бар. Барлық жобалар мен іс-шаралар Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерге сәйкес әзірленіп, үйлестірілді. Олар «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра», «Қамқор», «Білім», «Үміт» бағыттары бойынша іске асты,-дейді ол.

Пандемия кезінде қаланың түрлі волонтерлік ұйымдары бірігіп, күшейтілген жұмыс жүргізген, мемлекеттік органдардың жұмысына жәрдемдесіп, Алматы тұрғындарына жан-жақты көмек көрсете білген.

ерлик2.jpeg

Игі іске студенттен бастап қарт адамдарға дейін қаланың барлық тұрғындары, жастар ұйымдары мен ҮЕҰ тартылды, олардың арасында бірқатар ұйымдарды атап өтуге болады, - дейді ол.

Карантиннің бірінші күнінен бастап Алматы қаласының әкімдігі Жастар лофт-орталығының негізінде жедел волонтерлік штаб құрылып, оның құрамына қалалық волонтерлік, медициналық және қоғамдық ұйымдар енді.

Осы жедел еріктілер штабының волонтерлары 2020 жылы 4115 мұқтаж және әлеуметтік осал азаматтарға көмек көрсеткен, 193 отбасына медициналық бетперде таратқан, ірі супермаркеттерде 9972 азық-түлік пакеттері өлшеніп, оралып, әлеуметтік әл-ауқат Басқармасы ұсынған тізімге сәйкес мүгедектік дәрежесі бар тұрғындарға, қарт адамдарға таратқан. Оған қоса 166 нысанда қоғамдық мониторинг жүргізген, оның ішінде 80 нысанда заңбұзушылықты анықтап, оның қорытындысы бойынша уәкілетті органдар тиісті шаралар қабылдапты.

Сонымен қатар волонтерлер қаланың 100 дәріханасында қажетті дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз көтеру фактілерін анықтауға қоғамдық мониторинг жүргізіпті, оның қорытындысы бойынша уәкілетті органдар тиісті шаралар қабылдаған. Оған қоса симптомсыз коронавирустық инфекциямен ауыратын 80-нен астам тұрғынға дәрі-дәрмекті жеткізіп беріпті.

Мәселен, «Алматы Мейірімділер клубы» қоғамдық бірлестігі карантин кезеңінде және бүгінгі күнге дейін қаланың және жақын маңдағы ауылардағы аз қамтылған, көп балалы отбасыларына 1 200 азық-түлік себетін жинап, жеткізген. Сонымен қатар, тәуекел дәрежесі жоғары қарттар үйіндегі 310 қартқа, атап айтқанда Ардагерлер үйіне, «Нұр» Мейіргер үйіне, Собор жанындағы қарттар үйіне көмек көрсеткен.

Оған қоса, карантин күшейтілген кезде Клуб еріктілері 80 жұқтыру ошағына жетекшілік етіп, тұғындарға қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмекті жеткізіп отырған.

Оқу жылының басында аз қамтылған отбасылардан шыққан 200 оқушыға керек-жарақтарын берген. Қыс мезгіліне қарай 15-ке жуық көпбалалы отбасы мен жалғыз басты қарияларды көмірмен қамтамасыз етіліпті.

Карантин кезінде сондай-ақ, 50-ге жуық медициналық волонтер қаланың модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының жұмысына, мәйітхана жұмысына, ПТР-зертханалары мен провизорлық орталықтар жұмысына тартылған.

Қаладағы «LIDER.KZ» еріктілері Алматы облысының мұқтаж отбасыларына 4000-ға жуық азық-түлік жиынтығын жеткізіпті. Сонымен қатар, осы акция аясында мұқтаж адамдарға тегін дәрі-дәрмек түріндегі көмек көрсетілген.

Сондай-ақ, «Мен Алматылықпын» қоғамдық бірлестігі карантин жарияланған кезеңде «Мен болмасам Кім» қайырымдылық акциясын қолға алды. Акция шеңберінде аз қамтылған қала тұрғындарына азық-түлік жиынтықтары берілді. Шараны қаланың және еліміздің барлық белсенді еріктілер тобы қолдады, Қазақстанның 14 қаласын қамтыған челлендж барысында ерікті 15 ұйым осы шара туының астына жиылды. Бұл кезде барлығы 20 миллионнан астам сомаға 5000-нан астам отбасыға көмек көрсетіліпті.

Қала волонтерлері Тәуелсіздік күні мен Жаңа жыл мейрамы кезінде де түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, аз қамтылған отбасыларға көмектесе білді.

Мәселен, «Ғажайып аяз ата» акциясы аясында қаладағы жалғыз басты қарт адамдар мен зейнеткерлер үшін азық-түлік жинап, мерекелік сыйлықтарды таратып, жеткізіп берді.

Акцияны қолға алғандар жаңа жыл қарсаңында, жалғыз қалған ата-әжелерге жақсы көңіл-күй сыйлауды ұйғарыпты.

Біз, Алматы еріктілері, Жаңа жыл қарсаңында «Ғажайып Аяз Ата» акциясын ұйымдастырдық. Осы акция аясында Алматыдағы жалғыз басты зейнеткерлерге ерекше назар аударып, 59 жастан асқан 700-ден астам жалғыз басты зейнеткерге жаңа жылдық сыйлықтар берілді. Акция желтоқсанның 23-30 аралығында өтті, -дейді Алматы Мейірімділер клубының өкілі Динара Асанова.

ерлик4.jpeg

Еріктілер жылында еріктілер ерледі. Олардың қоғам үшін атқарған еңбегі қала басшылығының назарынан тыс қалмады. Волонтер жылының ресми жабылуы аясында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы және Мемлекет басшысының атынан волонтерлер мен жастар ұйымдарының өкілдеріне марапаттар мен алғыс хаттарды табыс еткен болатын. Волонтерлер жылы аяқталғанымен, еріктілер елдің дамуына өз үлестерін қосып, қоғам үшін пайдалы іс атқаруды жалғастыра бермек.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...