Ерекше білім беруге мұқтаж балалар саны артып келеді

18 Сәуір 2019, 20:31
3569
Бөлісу:
Ерекше білім беруге мұқтаж балалар саны артып келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада балабақшалардағы инклюзивті топтардың ашылу келешегі талқыланды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Мектепке дейінгі ұйымдардағы инклюзивті білім беру кластері аясында №22 балабақша базасында «Инклюзивті білім беру: даму тәжірибесі мен болашағы» тақырыбында халықаралық семинар өтті. Іс-шараға 50-ден астам адам қатысты. 

«Өкінішке орай, ерекше білім беруге мұқтаж балалар жыл сайын артып келеді. Әрбір бала бақытты балалық шаққа, толыққанды және сапалы білім алуға құқылы. Біз, педагогтар олардың кез келген басқа бала сынды қалыпты ортада өзін сезінуі үшін осы жағдайларды жасауға шақырдық. Педагогтарға екі есе қиын. Өйткені бізді дәстүрлі мектептерде сабақ беруге үйретеді, бірақ ерекше қажеттілігі бар балалар көбірек көңілді қажет етеді. Мұндай семинарлар тәжірибе алмасуға және тәрбие үрдісін жақсартуға мүмкіндік береді», – деді өз сөзінде қалалық білім беруді жаңғырту орталығының директоры Гүлнар Ибраева. 

Семинар аясында инклюзивті топта оқыту әдістемесі көрсетіліп, балалар тәрбиеші әзірлеген дамыту ойындарына қатысты. 

«Мұндай ойындар негізінен ұсақ моториканы, зейінді, ойлауды дамытуға арналған. Олардың негізінде біздің жаңашылдықтар жатыр. Бұл әдіс авторлық болып табылады. Оның авторы – біздің балабақшаның логопеді Татьяна Петрова. Біз онымен бірге бәрін жасадық. Тақырыбы: «Шағын моториканы дамыту арқылы сөйлеуді түзету». Әріптестеріміз балаларға көмек көрсету үшін оны ғаламторға орналастырамыз», – дейді «Көктем» тобының тәрбиешісі Нұргүл Төлеубаева. 

Сонымен қатар, № 22 «Әлем» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Қарлығаш Жолдасова қаладағы үш балабақша инклюзивті білім беру кластеріне және осы балабақшаға пилот аясында енгізілген әдістемелерге біріктірілгенін еске салды. Бүгін инклюзивті топ білім басқармасының бұйрығымен тек біздің балабақшада енгізілді. Осы жылдың қыркүйек айында №25 балабақшада осындай топты ашу жоспарланған. Бұдан әрі бұл тәжірибе қаланың басқа балабақшаларында да енгізілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы