Ерекше балалардың ата-аналарына психологиялық көмек тегін көрсетіледі

7 Тамыз 2020, 18:15
6768
Бөлісу:
Ерекше балалардың ата-аналарына психологиялық көмек тегін көрсетіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада өткен айда мүмкіндігі шектеулі балаларға және олардың ата-аналарына арналған психологиялық көмек көрсету бағытында Ата-аналарға арналған кеңес беру орталығы жұмысын бастады. Бүгін инклюзивті білім алуға қатысты шараның кезекті онлайн іс-шарасы ұйымдастырылды. 

Жобаның психологі Ақгүл Молдабекова айтып өткендей, инклюзивті білім алу бойынша ата-аналарға жан-жақты психологиялық көмек көрсетіледі. 
Ата-ана инклюзивті білім алу үшін өзін психологиялық тұрғыда дайын екенін түсінуі керек. Себебі кейде ата-аналарды инклюзивтік сыныпқа жібереді, алайда, олар баланың диагнозын мойындамай, өздерін шарасыз сезінетін кездері жиі кездеседі. Осыған орай ата-аналарға психологиялық көмек жүйелі түрде көрсетілуі керек. Алдымен диагностика, кейін талдау қорытындысы бойынша консультация жүргізіледі. Кеңесті қай бағытта жүргізілу керегін психолог өзі шешеді. Ол арт-терапия, гештальт, ертегі терапиясы, баяндама түрінде маманның таңдауына байланысты ұйымдастырылады, - деді Молдабекова. 
Психолог айтқандай, баланың бейімделуіне орай психологиялық диагностика бала 1-сыныпқа келген жартыжылдықта жүргізіледі. 
Сондай-ақ, диагностика 5-сыныпта жүргізіледі. Инклюзивті сыныптарда баланың бейімделуіне қатысты психологиялық жұмыстар барынш жүргізілуі керек. Себебі сынып оқушылары мен бала екіжақты тараптан бір-бірін қабылдауы керек. Сыныптағы балалардың ата-аналары да бала мен оның әке-шешесін қабылдауы керек. Мұғаліммен байланыс орнату үшін де психологиялық бейімделу жұмыстары жүргізіледі, - деді ол. 
Ақгүл Молдабекова диагностиканың түрлерін атап өтті. 
Бала  қалған балалар сияқты жалпы диагностикадан да өтеді. Ал интеллектуалдық дамуында тежелу болса, диагностика түрі өзгеруі мүмкін, - деді ол.
Психолог бүгінгі шарада ата-аналарға күрделі жұмыс қажеттігі айтылғанын жеткізді. 
Себебі ата-аналар диагнозды мойындамай жатады. Мүгедектікті алуға бармай, бас тартып жатады. Арнайы мектеп пен инклюзивті білім беруді шатастырып жатады. Осы бойынша ата-аналардың проблемалары талқыланды, - деді ол. 
Молдабекова Ата-аналарға арналған кеңес беру орталығы жұмысы туралы айтып берді. 
Кеңес беру орталығы республиканың 6 қаласында ашылды. Кеңес беру пункті Нұр-Сұлтан, Ақтау, Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда және Алматы қалаларында жұмыс істейді. Бұл қалаларда мүмкіндігі шектеулі балалардың отбасыларындағы кикілжің және баланың қалыпты дамуына ықпал ету бойынша тегін психологиялық көмек көрсетіліп жатыр, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы