Ерекше балаларға арналған шеберхана

6 Ақпан 2020, 23:22
2001
Бөлісу:
Ерекше балаларға арналған шеберхана
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атыраулық Нина Петрова психикалық дамуында тежелуі бар балаларға арналған шеберхана ашқан. Бүгінде 5 пен 15 жас аралығындағы ондаған ұл мен қыз сурет салу мен қолөнердің қыр-сырын үйреніп жатыр.

Алдағы уақытта балалардың жұмыстары жәрмеңкелер мен түрлі шараларда сатылымға шығарылады. Одан түскен пайда әр баланың жеке есепшотына аударылады. Басты мақсат – ерекше балаларға қолдау көрсету, – дейді шеберхана жетекшісі Нина Петрова.
Ал бұл бастамаға кәсіпкердің өз басындағы жағдай себеп болған екен.
Өзімнің немереме психикалық дамуында тежелуі бар деген диагноз қойылды. Оның айналаға деген қызығушылығын сәл де болса ояту үшін қолөнерге баули бастадым. Сенесіздер ме, дәл содан кейін оның сөздік қорының көбейіп, қимыл-қозғалысының ширағанын байқадым. Көп нәрсеге қызығушылығы ашылғанын көрдік. Осыдан кейін менде дәл осы жобаны қолға алдым. Біздің шеберлік сабақтарымызға тек мүмкіндігі шектеулі балалар емес, өзгелер де қатыса алады. Бірақ менің басты жобам – ерекше балаларды қоғамға бейімдеу. Талантты балалар көп, олар әрбір сабағыңды ұғып алады, – дейді шеберхана жетекшісі Нина Петрова.
Нина Петрова бұл кәсіпті "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында ұтып алған 500 000 теңгеге бастаған. Шеберханада 1,2 топ мүгедектері мен психикалық дамуында тежелуі бар жандар тегін оқытылса, аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққандарға елу пайыздық жеңілдік қарастырылған.
Өзгелердің жаңалығы