Ер адам «Атырау-Алматы» бағытында жүріп келе жатқан пойызға секіріп мінген

15 Тамыз 2019, 21:05
3762
Бөлісу:
Ер адам «Атырау-Алматы» бағытында жүріп келе жатқан пойызға секіріп мінген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көлік полициясы «Атырау-Алматы» бағытында жүріп келе жатқан жолаушылар пойызының басқышына секіріп мінген ер адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.

7 тамызда көлік полицейлері «Атырау-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызы вагондарындағы жолсекріктердің бірі тоқтату кранын жұлып алғанын анықтады. Жолсеріктің сөзінше, жүргелі жатқан пойызға секіріп мінген ер адамды байқап, оның қауіпсіздігін ойлап тоқтату кранын жұлып алған.

«Құқықбұзушы 41 жастағы ер адам болған, ол өзінің абайсыздығынан вагонға отырғызудан кешігеді. Ол вагондар құрамының жылжып бара жатқанын көріп, вагонға жүгіріп келіп, оның басқышына секіріп мінеді. Көлік полицейлері оған қатысты ҚР ӘҚБК 560-бабының 1-бөлігі бойынша (Жүк пойыздарында заңсыз жүрiп-тұру, пойыз жүрiп бара жатқанда отырғызу және түсiру, вагондардың тепкiшектерi мен төбесiнде жүрiп-тұру, пойызды заңсыз тоқтату) әкімшілік хаттама толтырды. Ол бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұлға тартылды», - деді полицейлер.

Айта кетейік, пойыз 5 минут бойы жоспарланбаған жерде тоқтап тұруға мәжбүр болды.

«Тоқтату кранын айрықша жағдайларда, яғни вагон жолаушылардың өміріне немесе қозғалыстың қауіпсіздігіне қауіп төндіретіндей болып бұзылып қалған жағдайда, пойыз көпір үстінде немесе көпір астында және жолаушыларды эвакуациялауға болмайтын басқа да жерлерде тұрып қалған жағдайды есептемегенде, өрт шыққан жағдайда ғана пайдалануға болады», – деп атап көрсетті полиция полковнигі Жасұлан Байкенов.

Оның сөзінше, бір аптаның ішінде шұғыл тежеудің 70 фактісі тіркелді, оның ішінде 14-і адамдардың темір жол төсемі арқылы өтуі себебінен болса, 53-і - малдың пойыздың алдынан жүруіне байланысты. Сондай-ақ, тоқтату кранын жұлып алудың 2 жағдайы тіркелді.

«Ағымдағы жылғы 7-14 тамыз аралығында темір жол төсемінің белгіленбеген жерлерінен өткен 486 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп атап өтті Көліктегі полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Жасұлан Байкенов.

Өзгелердің жаңалығы