Эпидемиолог маман: Екпе – адамзатты өлімнен құтқарған шара

14 Маусым 2021, 17:15
4074
Бөлісу:
Эпидемиолог маман: Екпе – адамзатты өлімнен құтқарған шара
Сұхбат

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұған дейін жұқпалы аурулармен күресуде тәжірибесі бар шығысқазақстандық эпидемиологтарға коронавирустық пандемияға қарсы шаралар жүргізу қиын болған жоқ.

Осы салада ширек ғасырдан астам уақытқа толатын тәжірибесі бар облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина коронавирустық пандемиямен күресудің ерекшелігін айтып берді.

– Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласында жұмыс істегеніңізге бүгінде қанша уақыт болды?

– 1993 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтында «медико-профилактикалық іс» мамандығы бойынша жоғары арнайы медициналық білім алып, қазіргі қызметіме дейін Мақаншы, Үржар, Жарма аудандарына жұмыс істедім. Биыл кәсіби еңбек жолыма 28 жыл толады.

– Өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық қызметі бір жарым жыл бұрын келген жаңа коронавирустық пандемияған қаншалықты дайын болды?

– Негізі біздің қызмет жұқпалы ауруларымен күресуге үнемі дайын болды. Өйткені, арамызда арнайы медициналық білімі бар эпидемиологтар, санитарлық дәрігерлер, вирусологтар, бактериолог дәрігерлер әлі де бар. Сондай-ақ, нормативтік құжаттар, санитарлық ережелер, бір сөзбен айтқанда, бізде бірізделген жүйе қалыптасқан. Дей тұрғанмен, пандемиямен бетпе-бет кездескен кезде «әскер» қатарының аз екені білініп қалды. Өйткені міндетіміз еселеніп, мойнымызға шамадан тыс жүк артылды. Науқастар саны сағат сайын көбейіп, көмек көрсету, індеттің алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру, қадағалау, бақылау жұмыстарын жүргізу біздің міндетіміз болды. Жаңа індет, жаңа ауру, онымен күресетін алгортим болғанымен, кейбір ерекшеліктер ескерілген жоқ. Сыры белгісіз жаңа індетті ауыздықтауда тәжрибеміз аз болғандықтан, қиындық туғазған жағдайлар болды. Сол себептен медицина және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет күні-түні жұмыс істеп, арасында мамандардың өздері де вирусты жұқтырған кездер кездесті. Бастапқы кезде медицина мамандарына қауіпті індетпен күресу өте ауыр болды. Осылайша, осыған дейін еңбегі еленбей келе жатқан санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қаншалықты маңызды екені бірден сезілді.

– Бүгінгі күні өңірімізде аталған пандемиямен күресуге жұмылдырылған санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары жеткілікті ме?

– Жоғарыда айтқанымдай, әлі күнге дейін мамандары саны жеткіліксіз. Қазіргі уақытта санитарлық-эпидемиологиялық салада жоғары арнайы медициналық, орта арнайы медициналық білім беріп, болашақ мамандар дайындайтын медициналық колледждер мен медициналық университеттерде бірде-бір «санитарлық-гигиеналық», «медико-профилактикалық» факультеттер жоқ.

– Осыған дейін санитарлық-эпидемиологиялық қызметті көп жағдайда сирек кездесетін дерт түрлерімен байланыстырып келген халық, жаңа пандемиядан кейін етене араласып, жақын танысты. Өз салаңыздың осындай қысқа уақыт ішінде көпшілікке кеңінен танымал болуы санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына қаншалықты әсер етті? Қандай өзгерістер орын алды?

– Мемлекет тарапынан біздің қызметке ерекше көңіл аударды. Қаржылай, материалдық қолдау көрсетіліп келеді. Дегенмен, шешімін таппай келде жатқан мәселелер жоқ емес. Мысалы, ескірген қызметтік көліктер, жеткіліксіз компьютердік жабдықтар және тағы басқа.

– Бұған дейін қандай қауіпті дерт түрлерімен күресіп көрдіңіз?

– Сібір жарасы, дифтерия, қызылша індеттерімен бетпе-бет кездескен кездер болды. Алдын алу шаралары ұйымдастырылып, індеттердің халық арасына таралуына жол бермеуге тырыстық.

– Біздің өңірде ең көп бас көрсететін қандай қауіпті дерт түрлері бар?

– Шығыс Қазақстан аумағында кене энцефалиті, бруцеллез, дизентерия, салмонеллез, вирусты А гепатиті сияқты жұқпалы және паразитарлы аурулар жиі тіркеледі.

– Көпшілік әртүрлі алып-қашпа әңгімелерге сеніп коронавирусқа қарсы екпе алудан қашқақтап жатыр. Бұл қаншалықты дұрыс, я болмаса бұрыс әрекет?

– Қазір интернеттің көмегімен қатар зияны да бар. Соның бірі вакцинация туралы жалған ақпараттар халық арасында үрей тудырып, көпшілік COVID-19-ға қарсы екпеге күмәнді көзқарастармен қарап, бас тартуда. Бұл дұрыс емес. Коронавирус инфекциясына қарсы екпе 1 ақпаннан басталған. Содан бері үздіксіз үнемі халыққа вакцинаның қаншалықты маңызды екенін жалықпай түсіндіріп келеміз. Тіпті, қазір вакцинаның бір емес бірден үш түрі қолжетімді. Яғни, таңдау бар.

– Бүкіл халықтың жаңа вирусқа қарсы тұра алатындай иммунитетін қалыптастыру үшін тұрғындардың қанша пайызы екпе алуы қажет?

– Жалпы, жұқпалы аурулардың алдын алу, олардың санын азайту, халық арасында таралудың, аурущаңдықтың деңгейін төмендетудің ең тиімді әдісі – вакцинация. Вакцинация арқылы адамзат шешек, вирусты полимелит ауруларын мүлдем жойды. Сондай-ақ, екпе арқылы көкжөтел, қызылша, дифтерия, туберкулез, сіріспе сияқты жұқпалы аурулардың саны азайды. Вакцина арқылы адам ағзасында жұқпалы аурудың қоздырғышымен күресетін иммунитет қалыптасып, адам сол жұқпамен мүлдем ауырмайды немесе ауырғанның өзінде жеңіл түрде өтеді. Мысалы, менің әжем 13 құрсақ көтерген кісі. Оның тоғыз баласы 2-3 жасқа жетпей жұқпа аурулардан көз жұмған. Бұл сол заманда вакцинаның болмауынан және медициналық қызметтің қолжетімді болмауынан орын алған жағдайлар. Бала кезімізде сондай оқиғаларды жиі еститінбіз, ал қазіргі кезде медицина дамыған. Адам өміріне араша түсудің жолдары қарастырылған. Соның бірі – вакцинация.

– Халық қаншалықты заң талаптарын орындайды?

– Негізі, пандемия басталғалы бері түрлі шектеулер енгізіліп, өмір сүру форматы өзгерді. Халық наразы болғанымен, көбінесе заң талаптарын орындап келеді. Бұзушылықтар жоқ емес. Себебі бес саусақ бірдей емес. Дегенмен, жергілікті тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапкершілік сезімінің жоғары болуы бізде тәртіптің бар екенін дәлелдеп келеді.

– Маскаларымызды қай уақытта шешіп, қалыпты өмірге аяқ басуымыз мүмкін?

– Қоғам – бұл популяция. Біз әрқайсысымыз индивид болғанымызбен, барлығымыз бір попоуляциямыз. Адамның жеке иммунитеті болуы керек және популяцияның иммунитеті болуы керек. Осы жерде «ұжымдық иммунитет» түсінігі қалыптасады. Жалпы, халықтың 60 пайызында коронавирустық инфекцияға қарсы иммунитет болған жағдайда, ауру таралуы барынша азаяды, аурушаңдық төмендейді. Сол кезде ғана біз бетпердені шешіп, қалыпты өмірге оралу мүмкіндігі бар.

– Алдымызда медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі келе жатыр. Осы орайда ақ халатты абзал жандарға арнаған тілегіңіз болса, айтып өтсеңіз.

– Осы сұхбатты пайдалана отырып, барлық ақ халытты абзал жанға, санитарлық-эпидемиологиялық саладағы әріптестерімді кәсіби мерекеміз «Медицина қызметкері» күнімен құттықтаймын. Біз бүгінде көзге көрінбейтін жауға тойтарыс беруде алдың шепте келе жатқан жауынгерлерміз. Сондықтан баршаңызға қажымас қайрат, күш-қуат, зор денсаулық тілеймін. Мереке құтты болсын!

– Сұхбатыңызға рахмет.

Өзгелердің жаңалығы