Бас жаңалықтар
Бүгін
Енді зейнетақы жинақтарын цифрлық қолтаңбасыз бақылауға болады
21 Қаңтар 2019, 14:01 320

Енді зейнетақы жинақтарын цифрлық қолтаңбасыз бақылауға болады

Алматы, BAQ.KZ. Жаңа қаулыға сай енді электрондық үкімет порталынан зейнетақы жинақтары туралы мәліметті электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегінсіз білуге болады. Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі мәлім етті.

«2019 жылдың 25 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2018 жылғы 11 қарашадағы №288 Қаулысының күшіне енетіндігін       хабарлаймыз. Соған сәйкес «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі электрондық үкімет порталында енді электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегінсіз де қолжетімді болады», - делінген хабарламада.   

Бүгінгі күнге дейін зейнетақы жинақтарының жай-күйін білу үшін БЖЗҚ кеңсесіне тікелей келіп өтініш жасау арқылы, дәстүрлі пошта байланысымен, электрондық тәсіл, оның ішінде БЖЗҚ-ға ұсынылған жеке электрондық мекенжай, логин және пароль (құпия сөз) немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып, БЖЗҚ порталындағы жеке кабинеттен және электрондық үкімет порталындағы жеке кабинет арқылы алуға болатын.

«Енді 2019 жылдың 25 қаңтарынан бастап кез келген салымшы бір реттік sms-парольді қолдана отырып, жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме ала алады. Бұл үшін салымшы (алушы) электрондық үкімет порталының жеке кабинетінде тіркеліп, үзінді көшірме алуға сауал жолдайды. Содан кейін mGov мобильдік азаматтар базасында тіркелген салымшының ұялы телефонына бір реттік sms-пароль жіберіледі», - делінген хабарламада.       

Атап өту керек, жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмені электрондық тәсілмен алған өте ыңғайлы, өйткені оны тәуліктің кез-келген уақытында алуға болады.

Сізден жаңалық