Енді ұрланған көлікті бір айда қайтарып алуға болады

27 Қаңтар 2021, 11:03
2510
Бөлісу:
Енді ұрланған көлікті бір айда қайтарып алуға болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ТМД-ға мүше елдердің ұрланған көліктерді қайтарудың жолын жеңілдететін заң жобасы қабылданды.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы келісіміне сәйкес, барлығымен шекарамыз ашық. Осыны пайдаланып, кейбір азаматтар заң бұзушылықтар жасап жатады. Мысалы, 2005 жылдан бастап осы кезге дейін ұрланған 223-тен астам көліктің тек 30 пайызы (66 көлік) елге қайтарылды. Өйткені, сұрау салу нормаларында кемшіліктер бар. Осы кемшіліктерді жою үшін құжатқа жаңа нормалар енгізілді. Енді ереже бойынша сұрау салуды орындауға бір ғана ай беріледі. Сондықтан сұрау салу бойынша ақпарат ұсынудан бас тарту үшін нақты негіз қажет, - деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Оның айтуынша, Еуразиялық Экономикалық одаққа кіретін мемлекеттер арасында ортақ кедендік шекара бар. Көліктер тексерілмейді. Сондықтан осы көліктерді бақылап, ақпарат алмасу үшін бұл хаттама қажет. 

Былтырғы жылдың сәуір айында осы заң жобасы Парламентте қаралған болатын. Бірақ бір норма кірмей қалғандықтан, кері қайтарылды. Халықаралық шарттарға сәйкес, ол норманы заң жобасына кіргізу қажет болды. Ол жерде мына мәселе айтылған: «Біздің мемлекетте шекарадан өтетін көліктер туралы ақпараттық деректер базасы жоқ. Сондықтан бұл норма Қазақстанға қолданылмайды». Осы ескертпені заң жобасына кіргіздік. Бүгінде барлық нормалар халықаралық «Вена конвенциясына» сәйкес келтірілді, - деді министр. 

Жалпы оның айтуынша, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің арасында автокөліктерді ұрлау проблема болып тұр. 

Осы келісімді бекіту - азаматтардың құқығын қорғап, ұрланған көліктерді қайтарудың жолын жеңілдетеді. Осы заңды қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, қосымша қаржы талап етпейді, - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Сонымен қатар заң жобасында мынандай баптар бар:

-жол-көлік, өрт және табиғи апаттан зардап шеккен автокөліктер туралы мәлімет беру; 

- кеден органдарымен ақпарат алмасу; 

- 1 жыл ішінде сұрауы жоқ автокөлік қай жерде анықталса, сол мемлекетте қалдыру мәселелері қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы