Бас жаңалықтар
Енді кез келген басшыға тікелей сауал қоя аласыз
08 Желтоқсан 2019, 12:45 601

Енді кез келген басшыға тікелей сауал қоя аласыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздегі квазимемлекеттік сектор ұйымдарының, яғни ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық компаниялар,  акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер,  мемлекеттік кәсіпорындардың бірінші басшыларының  «Ашық үкімет» интернет порталының «Ашық диалог»  блог-тұғырнамасында жеке блогтары құрылуда. 

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпарат комитеті хабарлады. 

Аталған блогтар арқылы тұрғындар квазимемлекеттік сектор ұйымдарының  бірінші басшыларына ("Квазимемлекеттік сектор ұйымдары" бөлімі) өздерінің сауалдарын жолдай алады.

Ал, өз кезегінде квазимемлекеттік ұйымдардың бірінші басшылары тұрғындардың өтінішіне ҚР Заңнамасына сәйкес, уақытылы және сапалы жауап беруі тиіс.

Мәселен, бұрындары ұлттық компания басшыларының өзі жетекшілік ететін салада орын алған мәселелер бойынша тұрғындарға және бұқаралық ақпарат құралдарына жауап беруден жалтару фактілері көптеп кездесетін. Олар көбінесе, мемлекеттік органдарға сілтеме жасайтын.

Енді аталған жаңашылдық арқылы ұлттық холдингтер мен компаниялар басшыларының тұрғындар алдындағы жауапкершілігі одан әрі арта түседі.

Естеріңізге сала кетейік, бұрын "Ашық диалог" порталы арқылы тұрғындар мемлекеттік органдардың басшыларына ғана (министрлер мен әкімдерге) өтініш жолдай алатын.

Бүгінде аталған порталда 71 ұйымның бірінші басшысының  блогтары іске қосылды (мәселен, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі АҚ, "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі АҚ, "Қазақстан" РТРК АҚ, "Қазавтожол" ҰК" АҚ, "Ұлттық нейрохирургия орталығы" АҚ және т.б.). Бұдан бөлек, азаматтар берілген жауаптардың сапасын бағалай алады. Яғни, бұны лайк немесе дизлайк батырмасын басу немесе пікір қалдыру арқылы жүзеге асыруға болады. Тұтастай алғанда, қалған мемлекеттік органдардың квазимемлекеттік сектор ұйымдарының бірінші басшыларының блогтарын құру бойынша жұмыс  жыл соңына дейін толықтай аяқталатын болады - делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...