Енді автокөлікті тіркеу қызметін банк қосымшасы арқылы алуға болады
25 Қазан 2021, 10:51 2493

Енді автокөлікті тіркеу қызметін банк қосымшасы арқылы алуға болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мемлекеттік қызмет көрсету процестерін жақсарту бойынша жасалып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтердің 90%-ы электрондық нұсқада қолжетімді. Ол 690 мемқызметтің 624-і. Бірақ қазір осы электрондық қызметтердің сапасы бойынша жұмыс істейміз. Яғни тұтынушылар қызметтерді неге электронды түрде алмай, ХКО-ға жүгінеді? Осы мәселелерді зерттеп, онлайн қызметтердің сапасын жақсартып жатырмыз, - деді министр.

Айтуынша, мемлекеттік қызметтерді алудың бірнеше тәсілі бар:

  • Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы;
  • eGov, eGov mobile қосымшасы;
  • Мемлекеттік органдардың, министрлік пен әкімшіліктер арқылы.
Мемлекеттік қызметтердің алуды ыңғайлы ету үшін банктердің қосымшасы арқылы автокөліктерді тіркеу қызметтері қолжетімді. Басқа да қосымшаларда мемлекеттік қызметтерді алуға болады, - деп атап өтті Бағдат Мусин Мәжілісте.

eGov мобильді қосымшасы цифрлық құжаттар қызметін жүзеге асырады, онда электронды форматта 18 құжат түрі бар. Қазіргі уақытта 5,3 миллион қазақстандық «Цифрлық құжаттар» қызметін пайдаланады.


Фото: дереккөз
Загрузка...