Бас жаңалықтар
Енді «Астана Балет» спектакльдерін Abai арнасынан көре аласыз
30 Қараша 2020, 22:04 149

Енді «Астана Балет» спектакльдерін Abai арнасынан көре аласыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Астана Балет» театры «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасының теленұсқасын түсірді. Оны Abai телеарнасының эфирінен тамашалай аласыздар.

Еліміздің театрлары қалың көрермен үшін есігін айқара ашқанымен, залдағы адамдар саны шектеулі: небары 50 адам. Театрға келе алмаған көрермендер үшін, астаналық ұжым, театрды айшықтап тұрар бағдарламаға айналған – «Ұлы Дала мұрасы» дивертисментін дайындап қойды.

Қазақстандық балетмейстерлердің хореографиялық миниатюралары дәстүр мен тарих жайлы баяндап, қазақ жерінің ғажайып табиғаты дарытар сұлулық пен шабытты көркем би өрнектерімен суреттейді. Би нөмірлерімен қатар, спектакльдің теленұсқасынан көрермен қауым ұлттық музыкалық бейнеклиптерді тамашалай алады. Шымбұлақ тауының қырқасында, жерұйық Бурабайда, Қазақстанның өзге де көрікті жерлерінде жасалған түсірілімдер өте әсерлі. 

Бағдарламаға енген «Ұлы Дала», «Ақ қыз», өзге де билерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Балет» театрының хореографы Айгүл Тәти қойды. Өз туындыларында ол этнографиялық элементтер мен заманауи хореографиялық шешімдерді үйлестіре отырып, қазақ ұлттық биінің жарқын үлгісін дүниеге әкелді.

«Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы «Астана Балет» театрының гастрольдік бағдарламаларынан ойып тұрып орын алған. Бұл қойылым Италия, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және өзге де көптеген елдердің театр сахналарында көрсетілді. Хореографиялық туындылардың терең мағыналық әсері, эстетикасы, ерекше әсемдігі, көз жауын алар бай костюмдері дүние жүзіндегі көрермен қауымды тамсандырмай қоймай, жүрек түкпірінен мәңгілік орын алады.

Бұған дейін біздің ұжым «Өткенге саяхат» және «Love Fear Loss» спектакльдерінің теленұсқасын ұсынған болатын. Олар да AbaiTV телеарнасының эфирінен көрсетілді.


Фото: дереккөз
Загрузка...