"Enbek.Kz" порталы арқылы 1 млн-нан астам адам жұмыс тапты

21 Ақпан 2020, 14:19
2473
Бөлісу:
"Enbek.Kz" порталы арқылы 1 млн-нан астам адам жұмыс тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда "Enbek.Kz" электрондық еңбек биржасы арқылы соңғы 2 жылда 1 млн-нан астам азамат өзіне жұмыс тапты. Сайтқа 913 мың жұмыс іздеп жүрген адамдар және 192 мың жұмыс беруші тіркелген екен. 

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев брифингте мәлім етті. 

Вице-министр осы еңбек биржасы жұмыс істей бастағалы бері қызметке орналасқан ел азаматтарының саны 17%-ға артқанын тілге тиек етті.

Халықты жұмыспен қамту мәселесі бойынша "Электрондық еңбек биржасы" және "Электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі" сияқты жобаларымыз жұмыс істеп тұр. Бірінші кезекте электрондық еңбек биржасы туралы айтайын. "Enbek.Kz" арқылы соңғы 2 жылда 1 млн-нан астам азамат өзіне жұмыс таба алды. Бұл портал іске қосылғалы бері оған 913 мың жұмыс іздеп жүрген адамдар тіркелген. Ал, 192 мың жұмыс беруші "Enbek.Kz" порталына қосылған. Осы еңбек биржасы жұмыс істей бастағалы бері қызметке орналасқан ел азаматтарының саны 17%-ға артты, - деп айтты Нариман Мұқышев.

Оның айтуынша, өткен жылы Еңбек министрлігі ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, медициналық жоғары оқу орындарының түлектері "Дипломмен – Ауылға!" мемлекеттік бағдарламасы аясында өздері қай аймаққа барып жұмыс істегісі келсе, сол аудан-ауылға баруға мүмкіндік беретін қолдау шараларын қабылдаған. 

Бұрын олай емес еді. Сондай мүмкіндік алу үшін оқу бітірген студенттер әртүрлі әкімдіктерге барып сұрайтын. Өкінішке қарай, түлек жұмыс сұрап тиісті жерге барғанда, уәде етілген жұмысты ұсынбаған жағдайлар да кездескені жасырын емес. Қажетті көмек көрсетілмеген. Сондықтан да студенттердің жеке кабинетінде жаңа жұмыс орны туралы пікірін қалдыра алатын жағдай жасадық. Сол сайттан барлық нақты іске асырылып жатқан шараларды көруге болады. Қажет болған жағдайда, бірден көмекке жүгіне алады, - деп жағымды жаңалығымен бөлісті. 

Вице-министр аталған деректер мен ақпараттың барлығын Денсаулық сақтау министрлігі көріп тұратынын жеткізді. Демек, тиісті шараларды дер кезінде қабылдай алады деген сөз.

Биыл электрондық еңбек биржасына мемлекеттік қызметтегі бос вакансияларды енгізіп, жариялауды жоспарлап отырмыз. Сонда елдегі барлық бос жұмыс орындары бірыңғай экожүйеге енгізіледі. Осыған қатысты тиісті жұмыстарды ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттікпен бірге атқарылды, - деп атап өтті ведомсто өкілі.
Өзгелердің жаңалығы