«Еңбек»: Қостанайда аудан тұрғындары бағдарламаға белсенді қатысуда

18 Маусым 2021, 18:29
4656
Бөлісу:
«Еңбек»: Қостанайда аудан тұрғындары бағдарламаға белсенді қатысуда

 

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында Федоров ауданында шағын бизнес дамып келеді. Оның аясында көптеген ауыл тұрғыны жұмыс тауып, жаңа мамандықтарды меңгерді.

Мемлекеттік бағдарламаның қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы Федоров ауданы әкімінің орынбасары Рамиль Валеев айтып берді. Ол осы жылы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы арқылы 857 тұрғынды қамту жоспарланғанын айтты. Бүгінге дейін 530 адам қайта даярлаудан өтіп, қос қолға бір күрек тапқан.

«Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету» атты бірінші бағыт бойынша, жұмыс берушілердің өтінімдеріне сәйкес, 10 адам оқуға жіберілді. Олар Федоров ауыл шаруашылығы колледжінде тракторист-машинист мамандығы бойынша оқиды. Оқу аяқталғаннан кейін оларға берілер жұмыс дайын. Жалпы «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша барлығы 62 адамды қамту жоспарланған. Ауданның білім бөлімі болашақ студенттерді мектеп түлектері арасынан іріктейді, – деп атап өтті әкім орынбасары. 

«Бастау Бизнес» жобасы көмегімен 40 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып жатыр. Олардың идеясын жүзеге асыруға жергілікті кәсіпкерлер палатасы септесетін болады. Бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» екінші бағыты бойынша бес қарыз алушыға 9,31 млн теңге микронесие берілген. Олардың төртеуі бүгінге дейін өз ісін ашып үлгерген. Ауданның тағы үш тұрғыны 7,7 млн теңге көлемінде қаражат алуға құжаттарын тапсырып қойды. Шағын несиелеуге барлығы 44,5 млн теңге бөлінді.

Федоров ауданында 200 АЕК-тен ақшалай грант бөлу 30 адамға жоспарланған. Бүгінге дейін оны 14 тұрғын алса, қалған 16 адамға маусым айының соңына дейін беріледі.

Ауыл тұрғындары ақшалай қаражатты бизнесті кеңейтуге де, жаңасын ашуға да алып жатыр. Ниет білдірушілер көп болғандықтан, ауданға тағы 10 грант бөлуге өтінім берілді, - дейді әкім орынбасары Рамиль Валеев. 

Аудан тұрғыны Наталья Клочко – «Еңбек» бағдарламасына қатысып, грант ұтып алды. Ол бала күнінен армандаған кәсібін ашуға бірінші рет 2019 жылы талпынып көрген. Құжаттары, бизнес жоспары дұрыс болмай қалған.

«Еңбек»: Қостанайда аудан тұрғындары бағдарламаға белсенді қатысуда


 

Жиырма жыл шаштараз болып жұмыс істеп келемін. Кәсіп ашуды көптен ойлап жүргенмін. Достарым «Еңбек» бағдарламасына қатысуға кеңес берді. Алғашында жолым болмағанымен, екінші мүмкіндігімде жоспарымды сәтті қорғап, 200 АЕК көлемінде ақшаға қол жеткіздім, - дейді Наталья Клочко. 

«Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» – «Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты. Оған әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқандардың жалақысын субсидиялау кіреді.

Жоспар бойынша 20 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырмақпыз. Әзірге 8 аудан тұрғыны жұмысқа тұрды. Жастар практикасына жіберілген 8 адамның үшеуі іс-тәжірибені сәтті аяқтап, жұмысқа орналасты. 107 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді, маусым айының соңына қарай бұл көрсеткіш бойынша жоспарды орындаймыз. Мүмкіндігі шектеулі 13 адам еңбекке тартылды, – деп баяндады аудан әкімінің орынбасары. 


 

 

Өзгелердің жаңалығы