Бас жаңалықтар
Еңбек дауларының негізгі себептерінің бірі – жалақының төмендігі
PHOTO
22 Маусым 2021, 17:20 3710

Еңбек дауларының негізгі себептерінің бірі – жалақының төмендігі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасы Сатыбалды Дәулеталин екі күндің жұмыс сапарымен Атырау облысына келді. Еңбек дауларының алдын алу - ҚРКФ төрағасы мен Атыраудағы әлеуметтік әріптестер арасындағы келіссөздер күн тәртібіндегі басты мәселе.

Сапар мақсаты облыстағы еңбек дауларының туындау ықтималдығы бар кәсіпорындарды аралау, әлеуметтік шиеленіс пен еңбек дауларының алдын алу. Жалпы Атырау облысында еңбек тәуекелдерінің картасына 14 кәсіпорын енгізілген.

ҚРКФ төрағасының өңірге жұмыс сапары «Қазпочта» АҚ Атырау облыстық филиалы басшылығымен кездесуден басталды. Одан кейін «Қазтехмұнайсервис» және «Мұнай көлік» ЖШС-іне барды. Аталған мекемелердегі әлеуметтік-еңбек қатынастарының өзекті мәселелері атап айтқанда, жалақыны көбейту, вахталық ауысым кезеңі және тұтастай алғанда лайықты еңбек жағдайларын жасау мәселелері әлеуметтік әріптестермен болған келіссөздердің негізгі тақырыбына айналды.


Осы кездесулерден кейін жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы «Бұлар еңбек дауы туындауы мүмкін еңбек ұжымдары. Бүгін бірінші кезеңінен өттік. Бұл келіссөздер ертең де жалғасын табады. Өйткені шешу оңай емес. Басты мақсат- әлеуметтік әріптестік аясындағы сындарлы диалог арқылы әлеуметтік шиеленісті болдырмау, оны заң шеңберінде шешу» дегенді айтты.

Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының жыл басынан бері аймақтардағы әлеуметтік шиеленістерге күнделікті мониторинг жүргізіп отырғанын жеткізді. Мониторинг мәліметтері бойынша, жыл басынан бері елде 37 еңбек дауы тіркелді. Олардың көпшілігі кәсіподақтар жоқ кәсіпорындарда болды.

Алайда біздің мүшелік ұйымдар, облыстардағы кәсіподақ орталықтары олардың барлығынның оңтайлы шешілуіне өз үлесін қосуда. Еңбек дауларының негізгі себептерінің бірі – жалақының төмендігі және еңбек жағдайларының нашарлауы. Бұл мәселелер біздің 2020-2025 жылдарға арналған стратегиямыздағы міндеттердің қатарында,-деді ҚРКФ төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин федерация қазір ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп көбейту, меншіктің барлық формасындағы кәсіпорындардағы жұмыскерлердің жалақысын индекстеуді заңнамалық тұрғыдан бекіту, «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» Халықаралық еңбек ұйымының №131 Конвенциясын ратификациялау бойынша жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, елдегі 42 500 теңге мөлшеріндегі ең төменгі жалақының үш жылдан бері өзгеріссіз екенін еске салып, Халықаралық Еңбек Ұйымы стандартына сәйкес ең төменгі жалақы орташа жалақының 50% -ын құрауы керектігін ескертті.

Бүгінгі күні, егер Қазақстанда орташа жалақы 206 000 теңге болса, ең төменгі жалақы 103 000 теңгені құрауы қажет. Біздің елде ең төменгі жалақы орташа жалақының 20%-ы. Қазіргі экономикалық жағдайды ескере отырып, оны бірден шешу мүмкін емес екенін түсінеміз. Оны кезең-кезеңмен шешуге жол бар ғой деп ойлаймын,-деді ҚРКФ төрағасы.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы бұдан соң өңірдегі кәсіподақ мүшелеріне арналған «Еңбек дауларын шешу және еңбек заңнамасын қолдану» атты семинардың ашылуына қатысты.


Семинар қатысушыларына арналған алғысөзінде Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтар федерациясының жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.   Еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру шаралары туралы айта келе, елде 145 мың ұжымдық шарт болса, индекстеу тек олардың 10 %-да ғана барын атап өтті.

Ұжымдық шарттың мазмұны бойынша жұмыс барысында кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимыл әрдайым тиімді бола бермейді. Тәжірибеде декларациялық сипаттағы ұжымдық шарттар да бар. Ұжымдық шарттардың жұмыс істемеуі себептерінің бірі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының әлсіздігі мен кәсіподақ басшыларының жұмыс берушіге тәуелділігінде. Бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларының 86% -ы қоғамдық негізде жұмыс істейді. Кәсіподақ ұяшықтары төрағаларының қарақан басы үшін жұмыс берушіге деген шамадан тыс адалдығы, экономикалық талаптарды қою кезінде қажетті табандылықпен, кәсібилікпен және жүйелілікпен тең әлеуметтік диалог жүргізуге жол бермейді. Сондықтан жұмыскерлердің құқықтық біліктілігін арттыруымыз керек,-деді ҚРКФ төрағасы.

Кәсіподақтар федерациясы жыл басынан бері мүшелік ұйымдармен бірге 159 оқыту семинарларын өткізді (оның 133-і онлайн және 26-ы оффлайн семинарлар), оларға 6305 бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, техникалық инспекторлар және кәсіподақ белсенділері қатысты.


Кәсіподақ өкілдері жұмыс берушілермен тең дәрежеде   келіссөздер жүргізуге қабілетті болуы тиіс. Бүгінгі таңда азулы жұмыс берушімен келіссөз жүргізу өте қиын. Ол үшін сіздер елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды да терең түсіне білулеріңіз қажет,-деп атап өтті ҚРКФ төрағасы қатысушыларға арнаған сөзінде.

Бұдан соң   ҚРКФ төрағасы елдегі ең ежелгі мұнай өңдеу зауыттарының бірі – Атырау мұнай өңдеу зауытына барды. Биыл зауыттың құрылғанына 76 жыл. Соңғы жылдары зауытта өндірісті жаңғырту және жаңа кешендерді салу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Қазіргі жылдық қуаты - 4,906 млн. тоннаны құрайды. Осыдан бірнеше күн бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «жаңғырту 2018 жылы аяқталғанына қарамастан, әлі де іркілістер бар» деп зауыт жұмысын сынға алған болатын. Зауыттағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ғалымжан Амантурлиннің айтуынша, қазір барлық олқылықтар жойылған, зауыт толық көлемде жұмыс істеп тұр.

Төрағаның зауыт жұмысымен танысуы медициналық орталық аралаудан басталды. Бұдан соң зауыт мұражайында болып, зауыт қонақтарының кітабында естелік қолтаңбасын қалдырды. Артынша осындағы кәсіподақ активімен кездесті. Зауыттың бастауыш кәсіподақ ұйымы 1945 жылы құрылған. Мүшелерінің саны – 2367, бұл зауыт жұмыскерлерінің 98%-ы. Зауыттағы еңбек қатынастары 2019-2021 жылдарға арналған ұжымдық шартпен реттеледі. Бастауыш кәсіподақ ұйымы «Химиялық, мұнайхимиялық және өндірістің туысқан салалары жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ құрамында. Сатыбалды Дәулеталин бастауыш ұйым жұмысына жоғары баға берді. Әрі қарай кездесу ашық диалог түрінде жалғасып, жұмыскерлер ҚРКФ төрағасына өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Кездесуде мәлім болғандай, еңбек ұжымын мазалайтын мәселенің бірі – аутсорсингте жұмыс жасайтындардың еңбекақысын индекстеу. Жұмыскерлердің сөзінше, олардың жалақысы 2013 жылдан бері көтерілмеген.


Сатыбалды Дәулеталин сауалға жауап бере келе, «Индексация мәселесі өте маңызды. Бұл ҚРКФ-ның стратегиялық міндеті. Біз қазір бұл мәселені табанды түрде алға жылжытудамыз. Жалақыны индекстеуді заңнамалық тұрғыдан бекітуді талап етудеміз,әрі қарай да талап ететін боламыз. Бұл зауыт басшылығының құзырындағы мәселе. Жақын болашақта осында бекітілген тәртіпке сәйкес шешеді. Индексация жүргізу қажет және біздің кәсіподақ мүшелерінің мүддесін ілгерілетуде дұрыс шешім деп ойлаймын,-деді ҚРКФ төрағасы.

ҚРКФ төарағасының сапары ертең жалғасын табады. Жоспар бойынша Сатыбалды Дәулеталин Доссордағы «Доссормұнайгаз» МГӨБ қызметкерлерімен, әлеуметтік әріптестермен кездеседі. Атырауға оралғаннан кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифинг жоспарланған.

 



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...