Еревандағы армян достарынан хат алып тұрған пошташы

1 Наурыз 2021, 12:35
3551
Бөлісу:
Еревандағы армян достарынан хат алып тұрған пошташы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өткен ғасырдың 60-жылдары Торғай жеріне де өзге ұлт өкілдері ағылып келе бастаған-ды. Әрине, жергілікті халық оларды жатырқаған жоқ. Қолындағы барымен бөлісіп, бауырына тартты.

Сексеннің сеңгіріне шыққан ардагер пошташы Фазылхан Мауданов та көп жыл бойы Ереваннан хат алып тұрған екен. Армян ұлтының жігіттерімен таныстығы кейін достыққа ұласқан. Қостанайлық қария мұны кезінде жергілікті халықтың қамқорлығын көрген армян достарының адал пейілі деп санайды.

Қазақтар түрлі тағдырмен келген өзге ұлыс өкілдерін жатсынбай, бауырына басты. Дастархандағы дәмімен бөлісті. Осылайша, адамгершіліктің зор үлгісін көрсетті. Сосын бұл – өзімізге-өзіміз емес, өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына алғыс айтатын күні! Мұны ешқашан ұмытуға болмайды. Алғыс айту күні мерекесінің маңызы да осында, – дейді ол.

Ардагердің айтуынша, соғыстан кейін, колхоздар құрылып жатқан уақытта Торғай жеріне өзге ұлт өкілдері келе бастағанына куә болған.

Кейбірі еліне қайтқаннан кейін де қимастық сезіммен көп жыл бойы хат жазып тұрды. Қазақ халқының адал, кішіпейіл, бауырмал жұрт екеніне көзі жеткен ғой. Сондай хаттарды талай мәрте иелеріне табыстағанбыз. Сосын біз сен – армянсың, грузинсің деген жоқпыз, достарымыз сияқты араластық. Тотосян Сергей Хосатунович, Асатурян Артем Михайлович деген армяндар болды, олар Жаңа жылда құттықтап, туу сонау Ереваннан сәлемдеме салып тұрды, – дейді қарт пошташы.

Фазылхан Мауданов бүгінде Қостанай қаласында тұрады. Көршілері де өзге ұлт өкілдері. Олармен де тату-тәтті – бір үйдің балаларындай араласып-құраласып тұрады екен.

Еревандағы армян достарынан хат алып тұрған пошташы

Қазір елімізде жүздеген диаспора өкілдері өмір сүріп жатыр. «Ынтымақты елге бақ  тұрады», бейбіт күнде адал еңбек етіп, ортақ Отанымыз Қазақстанға алғыс білдіруіміз керек, – дейді Фазылхан Мауданов.

Еңбек ардагері 1956 жылы онжылдықты бітірген соң, 2005 жылға дейін байланыс саласында жұмыс істеген. Пошта саласына 49 жыл өмірін арнаған. Адал еңбегі ақталып, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Еңбек Қызыл Ту» орденін кеудесіне қадаған.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы құтты болсын! Еліміз мәңгі болуы үшін аянбай адал еңбек ету керек, – деді ардагер сөз соңында.

Өзгелердің жаңалығы