Бас жаңалықтар
Қазақстанда емделмейтін ауруларға шалдыққан кемінде 100 бала шетелге жіберіледі
23 Мамыр 2019, 21:36 274

Қазақстанда емделмейтін ауруларға шалдыққан кемінде 100 бала шетелге жіберіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сонымен қатар, аутизм диагнозы қойылған балаларға медикаментсіз ем жасалуы қамтамасыз етіледі. Аталған бастамалардың бәрі «Самұрық-Қазына» АҚ мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қабылдаған бiрегей меморандумда көзделген. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады. 

Құжатқа Қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев қол қойды. 

Меморандум аясында тұрмысы нашар, көпбалалы немесе өмірлік қиын жағдайға тап болған жанұяларға, қарттарға, мүгедектерге, ардагерлерге, кәмелетке толмаған балалар мен жастарға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында бірлесіп жұмыс атқарылады. 

Атап айтқанда, тараптар Қазақстанда емделмейтін ауруларға душар болған кемінде 100 баланы шетелге жібереді, аутизм диагнозы бар кемінде 100 балаға медикаментсіз ем жасалуын қамтамасыз етеді. Сал ауруына шалдыққан 1500 балаға медициналық реабилитациядан өтеді және шалғайдағы елді мекендерде тұратын тағы 60 000 адамға медициналық көмек көрсетеді. 

Бұған қоса, балалардың денсаулығын күшейтіп, шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатымен кемінде 1500 баланы қамтитын аула клубтарын жетілдіру жалғастырылады. Шалғай елді мекендерде тұратын 600 балаға Қазақстан бойынша экскурсия өткізіледі, Ұлы отан соғысының 1400 ардагері мен тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік көмек көрсетіліп, Қазақстан мен ТМД елдерінде темір жолмен тегін жүру ұсынылады. Кем дегенде 40 әмбебап спорт және ойын алаңдары салынады. 

Сонымен қатар, жасы 18-ге толмаған кемінде 30 бала мен жасөспірімнің зияткерлік, шығармашылық немесе спорт сайыстарына баруы үшін жол шығындарын өтеу жоспарланған. Жоғарғы оқу орындарының 30 дарынды түлегін іріктеп алып дамыту, кемінде 60 түлекті өндіріс салаларын цифрландыру жобаларында тәлімгерлік бағдарламаға қабылдау және жұмысқа орналастыру көзделген. 

Меморандум, кем дегенде 50 коммерциялық емес ұйымның бастамаларына қаржылық және басқа да көмек көрсету арқылы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, мүгедектер ұйымдарын қолдау мақсатында олар өндірген тауарларды ереже шеңберінде сатып алу мәселелелерін қамтиды. 

«Бұл келісімге Елбасының «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты белсенді әлеуметтік саясатты қолдау және дамытуға арналған бағдарламасының шеңберінде қол қойылды. Меморандум әлеуметтік саланы дамыту, кей санаттағы азаматтардың тұрмыс деңгейін көтеру және әлеуметтік бастамаларды іске асыру мақсатымен күш-жігерімізді біріктіруге мүмкіндік береді», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов. 

Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев бұл бағыттағы бірлескен жұмыс әлеуметтік мәселелерді шешудің жаңа жолдарын ашатынын айтты. 

«Халықтың әлеуметтік осал топтарының проблемалары, әсіресе, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды, жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бүгінгі күні мемлекет пен бизнестің бірлескен іс-қимылын талап ететін қоғамның аса өткір проблемаларының бірі болып отыр. Осыған байланысты ҚР Тұңғыш Президентінің тапсырмасы шеңберінде Министрлік бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту және қолдау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Тек өткен жылы жалпы сомасы 90 млрд теңгеге 700-ден астам меморандум жасалды. Бүгінгі меморандум Қазақстанның басқа компаниялары мен кәсіпорындары үшін жақсы үлгі болады деп есептейміз», - деп түйіндеді Еңбек министрі.  

«Самұрық-Қазына» холдингіне кіретін барлық компаниялардың атынан қайырымдылық қызметті атқаратын - "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры. 

2019 жылы аталған қор жалпы құны 4,8 млрд теңге болатын, әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталған 15 жобаны жүзеге асырып отыр. 

Сал ауруына шалдыққан 1170 балаға тегін оңалту курстары ұйымдастырылды. Мектеп жасындағы 9000-нан астам жасөспірім Қордың қолдауымен оқу және спорт үйірмелеріне тегін қатысып жүр.



Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық