Тасмағамбетовтің орнына жаңа елші тағайындалды

29 Қаңтар 2020, 12:16
1941
Бөлісу:
Тасмағамбетовтің орнына жаңа елші тағайындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының Өкімімен Ермек Көшербаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметінен босатылып, Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметіне тағайындалды.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан президентінің Жарлығымен Ермек Беделбайұлы Көшербаев Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне;

Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Бәриұлы Иманбаев Қазақстан Республикасының Бруней-Даруссаламдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы қызметіне;

Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлібек Әсетұлы Бақаев Қазақстан Республикасының Лихтенштейн Князьдігіндегі, Ватикан Мемлекетіндегі, Қасиетті Иерусалим Иоанны, Родос және Мальтаның Егеменді Әскери Госпитальерлері Орденінің жанындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы қызметіне тағайындалды, - делінген Ақорданың хабарламасында.

Айта кетейік, Иманғали Тасмағамбетов 2017 жылдың 3 ақпанында бастап ҚР президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі қызметіне тағайындалған болатын. Ол зейнет жасына келуіне байланысты 2019 жылдың 18 желтоқсанында елші қызметінен босатылды

Осы уақытқа дейін Тасмағамбетовтің қызметін уақытша Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы сенімді өкілі, кеңесші-елші, елшіліктегі екінші адам - Нұржан Каджиақбаров атқарып келді.

Өзгелердің жаңалығы