Елорданың денсаулық сақтау жүйесінде 1600-ден астам өзге ұлт өкілі жұмыс істейді

2 Мамыр 2022, 18:30
1527
Бөлісу:
Елорданың денсаулық сақтау жүйесінде 1600-ден астам өзге ұлт өкілі жұмыс істейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың денсаулық сақтау жүйесінде 1600-ден астам өзге ұлт өкілі халықтың игілігі мен денсаулығын нығайту үшін жұмыс істейді. Олардың бәрі 1 мамыр мерекесіне ерекше мән береді. Олар бұл күнді шын мәнінде барлық ұлттардың бірлігі, жақсылық пен бейбітшілік мерекесі ретінде есептейді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Галина Насурдинова 32 жылдан бері эндокринолог дәрігер болып жұмыс істейді, Қазақстанда туған. Ұлты – поляк.

Біздің елімізде барлық ұлттар бейбітшілік пен келісім аясында өмір сүреді. Олардың бәрі бір-бірімен дос екенін жиі байқаймын. Бұл мереке шын мәнінде бір-біріне деген жақсы қарым-қатынас пен өзара түсіністікті білдіреді. Мереке түрлі ұлт өкілдерінің бір-біріне қолдау көрсетуді, достық қарым-қатынаста болуды насихаттайды. Қазақ жерімізде әрдайым тұрақтылық пен тыныштық болғанын қалаймын, – деді эндокринолог дәрігер.

Васим Раджа елордаға 2019 жылы көшіп келген. Дәрігерлер әулетін жалғастыра отырып, №1 қалалық емханада учаскелік терапевт болып жұмыс істейді.

Отбасымызда бәріміз дәрігерміз. Олардың арасында гематологтар, кардиологтар, терапевтер бар. Бала кезімнен отбасылық әулетті жалғастырғым келді. 16 жылдан астам терапевт болып жұмыс істеп келемін. 2019 жылы Қазақстанға көшіп келдім. Қайырымды, мейірбан адамдар жұмыс істейтін ұжымда қызмет етіп жүргеніме өте қуаныштымын. Мен үшін Бірлік күні – жақсылық пен жылулық сыйлайтын мереке, – деді дәрігер.

1 мамыр мерекесі – бейбітшілік пен ізгіліктің символы деп №11 емхананың 10 жылдық еңбек өтілі бар зертханашысы Софья Мұратова да есептейді. Ұлты түрік жас маман қазақ тілін жетік біледі және ҚР азаматы болғанын мақтан тұтады.

Атам 3 жаста болғанда Қазақстанға қоныс аударыпты. Қазақстан халқы бізді құшақ жая қабылдап, ізгілік танытты. Содан бері қазақ жерін мекендеп келеміз. Қазақстан – көпұлтты, тату мемлекет, – дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы