Елордалық полицейлер құрылыс нысанынан ұрлық жасаған күдіктіні ұстады

7 Мамыр 2022, 16:29
1310
Бөлісу:
Елордалық полицейлер құрылыс нысанынан ұрлық жасаған күдіктіні ұстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ұрлық жасады деген күдікпен ер адамды ұстады, деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Тергеу барысында анықталғанындай, 47 жастағы қаскүнем кешкі уақытта құрылыс нысанынан 9 дана лифтінің бағыттаушы құралдарын жасырын ұрлап кеткен. Ол ұрланған затты металл сынықтарын қабылдау пунктіне өткізіп үлгерген. Бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған ұсталған азамат өз кінәсін мойындады, оның елорда аумағында бұрын жасалған басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. 

 Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

Елордалық полицейлер түрлі-түсті және қара металдардың сату және заңсыз айналым орындарын үнемі тексеріп отырады.

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті сақ болуды, құрылыс нысандарындағы күзетті күшейтуді және бейнебақылау камераларымен жабдықтауды ұсынады. Сондай-ақ, полиция тиісті құжаттары жоқ тауарларды қолдан сатып алмауды ескертеді және ұрлықы затты сатып алушыға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын хабарлайды. 

Өзгелердің жаңалығы