Елордалық емхана қызметкерлері пайда табу үшін азаматтардан қажетсіз құжаттар сұратқан

4 Сәуір 2019, 17:52
2962
Бөлісу:
Елордалық емхана қызметкерлері пайда табу үшін азаматтардан қажетсіз құжаттар сұратқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жақында ғана Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро жүргізген мониторинг кезінде №7 мен №10 қалалық емханаларға тіркелу үшін азаматтардың жеке куәліктерінің көшірмесі мен флюорография негізсіз сұратқан. Бұл туралы ведомствода өткен баспасөз мәслихатында агенттіктің Мемлекеттік қызмет көрсету департаментінің басшысы Ильдар Үйсімбаев мәлімдеді.

«Емхана қызметшілері артық құжаттарды сұрату фактілерін сөйлесу барысында мойындады. Негізінен науқастарға рентгендік тексеруді емхананың өзінен өтуді 1500 теңгеге ұсынады. Ал жалпы емханаға тіркелу үшін жеке куәлік қана қажет», - деді Ильдар Үйсімбаев.

Тұрғындар жалпы медициналық ұйымға тіркелген болса, онда оларға рентгендік тексеру ақысыз беріледі.

Баспасөз мәслихатында мониторингтік тексеріс кезінде медициналық ұйымдарға азаматтардың 3 күн ішінде тіркелгені де айтылды. Ал стандартқа сай бұл қызмет 1 күн ішінде көрсетілуі тиіс.

Белгілі болғандай, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері елдегі бірнеше емханада дәрігерлерге қабылдау электрондық түрде көрсетілуіне қарамастан, журналға тіркеу арқылы қағаз түрінде жүргізілгенін де анықтады. Тіпті, осындай заңбұзушылықтың салдарынан көптеген емханада ұзын-сонар кезек болған.

«Медициналық қызметтерді алу кезіндегі заңнаманың ұқсас бұзушылықтары Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар мен Ақтөбе облыстарында анықталды», - дейді агенттіктіктің Мемлекеттік қызмет көрсету департаментінің басшысы.

Сонымен қоса, Ильдар Үйсімбаевтың сөзінше, Қарағанды облысында 086/е медициналық анықтама азаматтарға 2,5 мың теңгеге сатылып келіпті. Мұндай заңбұзушылықтар тек мұнда ғана емес, одан бөлек Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында да болғаны белгілі болды.

Тіпті, Павлодар қаласындағы №4 емханада қала тұрғындарына жалған құжат, яғни жұмысқа уақытша жарамсыздық парағы мен анықтамасы да беріліп келген.

Алдағы уақытта мұндай фактілерді тамырымен жою үшін агенттіктің бастамасы бойынша қағаздар арнайы QR кодтармен бірге берілетін болады. Осылайша, берілген құжаттардың растығы смартфон арқылы тексеріліп отырады.

Жалпы агенттік өкілінің айтуынша, мұндай тексерістер алдағы уақытта жалғасын табады.

Өзгелердің жаңалығы