Бас жаңалықтар
Елордалық саудагерлер жалға алу бағасын шарықтатқан басшылыққа наразы
30 Қараша 2020, 23:26 229

Елордалық саудагерлер жалға алу бағасын шарықтатқан басшылыққа наразы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы сауда үйлерінің бірінде тағы да шу шықты. Саудагерлер жалға алу бағасын пандемияға қарамастан шарықтатып жіберген басшылықтың бассыздығына көне алатын емес. «Шыдамымыз шегіне жетті» деген олар бүгін базар алдына наразылыққа шықты. Сатушылар «табысымыз күнкөрісімізге жетпей жатқанда, оны қалай төлейміз» деп күйінеді. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлайды.

Базарлардың орынды жалға беру құнын дәл карантин кезінде қымбаттатып жібергені туралы тағы да елордада дау шықты. Сауда үйінің саудагерлерінің айтуынша, базар басшылығы аренда бағасын бірнеше есеге көтерген. Олар қанша қарсылық білдірсе де, құлақ асар ешкім болмай тұр.

Мұндағы дау карантин басталғалы тоқтайтын емес. «Орын ақысын қымбаттатамын» деген сауда үйінің қожайыны ақыры дегеніне жетіпті. Дүңгіршектердің ай сайынғы бағасын еш ескертусіз 50 пайызға дейін өсіріп жіберген. «Соны төлейсіңдер, болмаса орынды босатасыңдар» деген көрінеді. Сатушылар қымбатшылық осындайдан туады деп отыр.   

Жалға алу құнын көтерсе, біз әлбетте, бағаны көтереміз. Бірақ қымбат қылсақ, ешкім бңзден тауар алмайтырн болады. Басқа жерге барады. Қазір пандемия, ақша онсыз да жоқ», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Жасұлан Дайырбеков.   
Базарда 100-ден аса сауда нүктесі бар. Орташа жалдау бағасы 50 мың теңгеден басталып, 200 мың теңгеге дейін барады. Жиналғандар кетіп қалмақ та болған. Алайда «сауда үйінің әкімшілігі оларды да басынып жатыр» дейді. Келісімшартқа тұрар алдында жинап алынған қаражатты да бермей отыр екен.
Мен төлей алмаймын, кетемін десем, сенің депозитің қалады дейді. Мен неге қалдыруым керек? Менің де отбасым бар. Мен де пәтер жалдап тұрамын, несием бар. Неге ақшамды жайдан-жай бере салым керек екен?», - деп Назгүл Ақболатова атты тұрғын күйінсе, 

Мына жерде тұрғандардың бірінші күннен бастап өз клиенттері бар. Клиентті әрең жинап, тауар көлемін ұлғайтып, біраз тер төккен. Енді бәрін тастап, басқа жақтан іс бастау деген оңай емес», - деп ашынады саудагерлердің Жанар Тұрсынбаева.
Ал базар қожайынын қызмет орнынан табу мүмкін болмады. Тілшілер қоңырауына жауап бермеді. Наразы топтың шағымын тыңдау үшін базар әкімшілігінің атынан қызметкері ортаға шықты. Алайда одан да мардымды жауап болмады. «Көптің базынасын басшылықтың құлағына жеткіземін» деп қана қысқа қайырды.  
Осы мәселе бойынша кешке бастығымыз, осы базардың қожайыны келеді. Келгеннен кейін бәріміз сөйлесейік. Мен сөз беремін, кәсіпкерлермен бірге бір ортақ шешімге келеміз деп ойлаймын», - деді «Aspan Bazar» сауда үйінің менеджері Айтуған Құлмұхамедұлы.
Нақты жауап болмаған соң, саудагерлердің базынасын жергілікті биліктің құлағына жеткіздік. Бір қызығы, бұл мәселені шешуде әкімдік те қауқарсыз екен. Олар екі тараптың әуел бастан қандай келісімшартқа қол қойғанын білмейінше, араша түсе алмаймыз дейді. Десе де, наразы топқа қожайынның өзін сотқа беруге кеңес берді.  
Біз сауда үйіне ескерту жасадық. Жағдайды егжей-тегжей сұрап алдық. Егер саудагерлердің тағы шағымы болса, бізге ресми түрде арыз жазсын. Сосын біз тексеріс жүргізе аламыз. Сауда үйінен ресми хат талап ете аламыз. Ал істің тез шешілуін қаласа, сотқа шағымдануы керек», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Сауда және кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің қызметкері Ермек Серікбаев.
Наразы топ шенеуніктердің айтуы бойынша ресми хат дайындады. Енді оны әкімдікке жолдамақ.  Ал егер іс мұнымен бітпесе, сотқа да арыздануға бел буып отыр.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...