Елордалық оқушылар әскери ұшақтың тізгініне отырды

8 Қазан 2021, 12:25
1161
Бөлісу:
Елордалық оқушылар әскери ұшақтың тізгініне отырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық №54 мектеп-лицей оқушыларына авиациялық техниканы көрсетумен әскери-патриоттық тақырыпта ерекше сабақ ұйымдастырылды. 

Танымдық шараны Ұлттық ұлан 3656 әскери бөлімінің (авиациялық эскадрилья) әскери қызметшілері Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырды, деп хабарлады Ұлттық ұлан баспасөз қызметі.

Негізгі қызметтік-жауынгерлік міндеттерден басқа ұландықтар қарамағындағы әскери патриоттық клубтармен және орта білім беру мекемелерінің оқушыларымен осындай іс-шараларды жиі өткізеді. Ашық сабақты ұйымдастыру үшін авиациялық парктің аумағы таңдалуы кездейсоқ емес. Оған Нұр-Сұлтан қаласының №54 мектеп-лицейінің 7-9 сынып оқушылары қатысты.

Ашық сабақтың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдық сезімін ояту, Ұлттық ұланда қызмет етуді насихаттау, сондай-ақ авиациялық техникамен таныстыру болды.

Ұлттық ұлан эскадрильясының әскери қызметшілері оқушыларға авиациялық техниканы, радиобайланыс жүйелерінің жұмысын, қозғалтқышты, электр жабдықтарын және ұшақтар мен тікұшақтардың жұмыс қабілеттілігін көрсетті.

Жас ұрпақ үшін мұндай ашық сабақтар нағыз мереке. Біз әуежайды аралап, әскери авиациялық техниканы өз көзімізбен көре алғанымызға қуаныштымыз. Мұндай шаралар жастарды патриотизм мен батылдық сияқты қасиеттерді тәрбиелеуге көмектеседі деп ойлаймын, - дейді сынып жетекшісі Сағыныш Райсқызы.

Мектеп оқушылары ашық сабаққа риза болды, тек ұлдар ғана емес, қыздар да әскери ұшақтың электронды жабдықтарын басқара алды және тікұшақтың тізгінінде отырды.

Айта кету керек, Ұлттық ұланның әскери қызметшілерімен мектеп оқушыларының мұндай кездесулері бірінші рет ұйымдастырылып отырған жоқ. 3656 әскери бөлімі мен 54 мектеп-лицейі арасындағы меморандумның жасалуы жас ұрпақтың бойында өзінің Қарулы Күштерімен мақтаныш сезімін қалыптастыруға мүмкіндік береді, - дейді сабақ жетекшісі, 3656 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Серік Әлімбеков.

Ашық сабақ соңында балалардың көпшілігі әскери ұшақтардың ұшқышы болғысы келетінін білдірді. Ал олардың кейбіреулері кейін өз өмірін Ұлттық ұлан қатарында Отанды қорғаумен байланыстырғысы келетінін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы