Елордалық оқушы АҚШ университетінен шақырту алды

13 Сәуір 2021, 18:20
3332
Бөлісу:
Елордалық оқушы АҚШ университетінен шақырту алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Дина Жаныбекова Шырмауық Лигасы университетінен шақыру алды. 

Әлемнің үздік жоғары оқу орындарының бірі - АҚШ-тың Пенсильвания университеті Динаның оқу шығындарын толығымен өтейді.

Пенсильвания университеті туралы бұрыннан білемін. Маған кино саласына қызығатын жастарға университеттің ұсынатын мүмкіндіктері өте қатты ұнады: пайдалы курстар, студенттер клубтары, қызықты тағылымдамалар және т.б. Сондай-ақ мені университеттің орналасқан жері де қызықтырды. Университет Нью-Йоркке жақын жердегі Филадельфия қаласында орналасқан. Бұл өз кезегінде мен үшін өте маңызды желілік орта қалыптастырады, - дейді оқушы.

Мектептің баспасөз қызметінің хабарлауынша, келешекте кино режиссері мен продюсері болуды армандайтын Дина Жаныбекова қазіргі таңда кино, математика және ағылшын тілі пәндерін тереңдетіп оқуда. Дарынды түлектің жетістіктері қатарында химия және ағылшын тілі пәндері бойынша олимпиадаларға, фортепиано байқауларына және дебат турнирлеріне қатысып алған марапаттары бар. 

Оған қоса, Дина мектептің өзін-өзі басқару ұйымының белсенді мүшесі болып, мектепішілік іс-шараларды ұйымдастыруға белсене атсалысады.

Пенсильвания университеті - ең көне жоғары оқу орындарының бірі. Сонымен бірге АҚШ-тағы алғашқы университет, элиталық Шырмауық Лигасының құрамына кіреді. Пенсильвания университетімен АҚШ-тың көптеген тарихи тұлғасы мен саясаткерінің есімдері байланысты. Солардың қатарында Дональд Трамп, Илон Маск және Уоррен Баффет те бар.

Өзгелердің жаңалығы